Көкшетауда жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті

Жас маман үшiн қолайлы әлеуметтiк жобалардың бiрi — «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының орындалу барысы жөнiнде Көкшетау қаласының экономика және бюджеттiк жоспарлау бөлiмiнiң жетекшiсi Гүлмира Шұқатова баяндама жасады. Оның хабарлауынша, былтыр бағдарлама шеңберiнде 40 маман көтермеақыға, 4 маман несиеге қол жеткiзген. Биыл қала бойынша 64 маман 10 165,12 мың теңгенiң көтермеақысын, сондай-ақ, 16 адам баспана сатып алу үшiн жалпы, құны 3 403,5 мың теңгенiң несиесiн алған.

Конфессияаралық қатынастарды дамыту және сараптау орталығының ақпараттық-түсiндiру жұмыстары бөлiмiнiң маманы Зарина Тiлегенова қаладағы дiни ахуал туралы ақпарат бердi. Баяндамашы экстремизм, терроризм идеяларының таралуына қарсы әрекет және оның алдын алу қазiргi таңда басты мақсат болып отырғанын, әсiресе жастардың терроризм мен экстремизмнен бойларын аулақ ұстаулары қажеттiгiн атап өттi. Орталық мамандары осы жылдың 9 айы iшiнде өңiр жастары арасында 251 шара өткiзiп, оған 10472 адам қатысқан. Сондай-ақ, тәуекел тобындағы жастар үшiн тренингтер ұйымдастырылған. Орталықтың жұмысы дiни ахуалға мониторинг жүргiзу ғана емес, интернет кеңiстiгiн де ұдайы назарда ұстайды. Биыл күмәндi ақпараттар жариялаған 100-ге жуық электронды мекенжайлар анықталды. Сонымен қатар, онлайн түрде бейнеформатта сұраулар мен акциялар өткiзiлдi.

Елiмiзде «Жасыл ел» және «Студенттiк құрылыс жасағы» жобасы жемiстi жұмыс жасауда. Бұл туралы «Жасыл ел» облыстық штабының менеджерi Жәния Мұқашева баяндады. Соңғы он екi жыл iшiнде өңiрде 33800 адам 3,5 миллиард теңгенiң жұмысын атқарған. Соның iшiнде «Жасыл ел» жобасының қатысқан 10250 жас 12 мың гектар жерге 2,5 миллион түп ағаш көшеттерiн отырғызған. Ауқымды жұмыстың 41 пайызын Көкшетау қаласындағы экологиялық жасақтары атқарған.

Жыл сайын «Алғабас» оқу орталығында еңбек жасақтарының қатысушылары мемлекеттiк тапсырыс аясында кәсiби дайындықтан өтедi. Алайда, еңбек жасақтарын жұмыспен қамту күрделi мәселе болып тұр. Қаладағы оқу орындарының көпшiлiгi аталған жоба бойынша жұмыс жүргiзбейдi. Соған қарамастан қалада 415 жас еңбек жасақтарында еңбек еткен. Осы орайда оқу орындарының базасында еңбек жасақтарын құру мiндетi тұр.

Көрiктендiру жұмыстарымен айналысатын қоғамдық бiрлестiктер, жеке кәсiпкерлердiң жылыжай кешендерi бар. «Бұқпа» орман шаруашылығы осы уақыт iшiнде қала сыртында 170 мың түп ағаш отырғызған. «Жасыл ел», «Студенттiк құрылыс жасақтары» арқылы облыс көлемiнде жүргiзiлiп отырған ауқымды iстерге араласып отырған жастар өз қатарластарына бұл жағынан үлгi боларлығы даусыз.

Отырысқа қатысушылар күн тәртiбiнде қаралған барлық мәселенi талқылауға белсене қатысты. Олар баяндамашыларға көтермеақы, баспана мәселелерi, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылға еңбек етуге баратын жастар үшiн мемлекет тарапынан тұрғын үй алуға берiлетiн несие туралы сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды. Отырысты қорытындылаған А.Әмiренова кеңес отырысында көтерiлген мәселелердiң маңыздылығын сөз етiп, халқымыз қай кезде де өскелең ұрпақ тәрбиесiне көңiл бөлiп отырғандығын ерекше атап көрсеттi.