Шығыс Қазақстанда үшем дүниеге келді

Үш ұл дүниеге келген әулет Күршім ауданындағы Сарыөлеңге ауылында тұрады. Күршімдік Майра мен Әзімбектің алты және үш жастағы екі қызы бар.

Жас ананың айтуынша, өзінің және жолдасының туғандары арасында егіздер дүниеге келгенімен, үшемдер болған емес. Үшемнің анасы педагог болса, әкесі өз кәсібімен айналысады.

Нәрестелер өмірге кесар тілігімен келген, әрқайсысының салмағы екі келіден артады, денсаулықтары жақсы.

Облыстық ана мен бала орталығы директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Мажиринованың айтуынша, енді сәбилер аудандық аурухана дәрігерлерінің қамқорлығында болады.

«Жыл сайын бізде тоғыз мыңдай нәресте өмір есігін ашады. Жыл басынан бері 81 егіз туды. Соңғы үш жыл қатарынан дүниеге үшемдер келді. Олардың барлығының денсаулығын біз қатаң бақылап отырамыз», — дейді Қарлығаш Мажиринова.

ДереккөзAltaynews.kz