«Бизнес-тренерлердің көпшілігінің жақсы нәтиже көрсете алмайтындығы — тренерлікті ақша табудың жолы ретінде тануы» деп ойлаймын. Ал тренерлік — менің өмірім. Сахнаға шықпасам «ауырамын». Республикалық «Дарын» мектебінде 9-сыныпта оқып жүргенімде, анам ісік ауруына шалдықты. Маған жұмыс істеу қажет болды. Бір компанияға барып, менеджерлік қызметке тұрдым. Сатумен айналыстым. Одан бөлек бірлік, телефон, ағаш сатқан кездерім болды. Сол уақыттарда Алматыға танымал тренер Робрет Флетчер келді. Тренингіне мен де қатыстым. Содан кейін ораторлық қабілетімді арттыруға көңіл бөле бастадым. Түрлі тренингтерге қатысып жүргенімде, мені басқа кәсіпкерлер байқап, өздерінің командаларына мотивация берсеңіз деп өтінді. Олардың алдында шеберлік сағаттарымды өткіздім. Жақсы нәтиже көрсетті. 2008 жылдан бері түрлі түрлі тренингтерді өткіздім. Ал бизнес-тренингтерді 2013 жылдан бастадым.

Аманжол Рысмендиев
Baribar.kz

Бүкіл тапқан-таянғанымды білімге жұмсадым. Әлі де жұмсап келемін. Брайн Трейси, Роберт Киосаки, Стивен Кови, Смильян Мори, Робин Шарманың алдында болдым. Марк Атласовпен бір сахнада жұмыс істедім. Осы уақытқа дейін білімімді жетілдіру үшін шамамен 300 мың $ ақшамды жұмсаған екенмін.

Бизнес-тренер болу үшін қандай білім қажет?

Тренер аудиториямен энергетикалық дәрежеде жұмыс істейді. Оған ең бірінші тума дарын қажет деп ойлаймын. Екіншіден, өмірлік тәжірибесі болуы тиіс. Тренер деген кім? Ол — өмірде өзгелерге қарағанда көбірек таяқ жеген адам. Бір сөзбен айтсақ, тренер — «сәтсіздікке ұшыраудың» кәсіби маманы. Ол өзінің бір құлап, бір тұруының арқасында, елге жөн сілтейтіндей тәжірибе жинайды. Үшіншіден, ішкі тәртіп қажет. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген тағлымын осы кезде де еске алған жөн. Әрине тренер болу үшін түрлі жанрларды да меңгеру қажет. Соның бірі — психология. Ал кәсіпкер үшін жоқ дегенде MBA, DBA деңгейін меңгеру қажет. Мәскеуде «Көшбасшылықтың халықаралық академиясын» оқып келдім. Қазір Мәскеудің «City Busіness» орталығында DBA-ды оқып жатырмын.

EST корпорациясы
EST корпорациясының қызметкерлері. Baribar.kz

Біздің заман — ақшаның, бизнестің жарысы. Бұл жарыста кітаптарды оқымай, тренингтерге қатыспай ұзаққа шаба алмайсыз.

Пайдасы болады-ау деген ақпараттармен бөлісіп, бейнероликтер түсіріп бастадым. Уақытында тындырылған іс болды деп ойлаймын, алғашқы болып қазақ тіліндегі бизнес-тренингтерді Youtube желісіне тұрақты салып тұрдым. Қазіргі уақытта бейнероликтер желіде 120 мыңға дейін көрілім жинайды.

Алғаш тренингтік компания ашқанымда, елімізде Caspiаn тренингтік компаниясы ғана болды. Оның аудиториясы шектеулі, тек мұнайшыларға арналған компания еді. EST корпорациясы үшін әлі алға қойған жоспарымыз көп.

EST корпорациясы
EST корпорациясының қызметкерлері. Baribar.kz

Ережені бұзған адам 3 млн теңге айыппұл төлейді

Компанияның жұмысы үш этаптан тұрады: 1. Анализ. Бұл этапта адамдар шеберлік сағатына қатысады. Біз олардың қандай деңгейге жататындығын анықтаймыз. 2. Адам жақсы жағынан өзгеруі үшін тренингтерден өтеді. 3. Platinum Group немесе «40 күнде миллион» бағдарламасына жазылады. Бірінші, екінші этапта алған білімін осы бағдарламада іске қосады, тәжірибесінде сынап көреді. Бұл бағдарламадағы ережелерді орындамасаңыз, 3 млн теңгеге дейін айыппұл төлеп отырасыз. Мысалы, таңертең сағат 6-7 аралығында оянбасаңыз, топқа 50 мың теңге төлейсіз. Әр күнге, әр айға жоспар жазасыз. Бір айлық жоспарды орындамасаңыз, 1000$ айыппұл төлейсіз. «40 күнде миллион» бағдарламасын жылына шамамен 150 адам оқып бітіреді.

Аманжол Рысмендиев
Аманжол Рысмендиев тренинг барысында

Қазіргі заманның қиындығын бір адам жалғыз өзі шеше алмайды. Сол себепті ол кеңесшіге жүгінеді немесе мәселені шешуден үмітін үзеді. Билл Гейтс: «Ұлы адамдардың уақыты өтіп кетті, бүгін — ұлы командалардың заманы», — дейді. Әр мемлекет басшысының жеке кеңесшісі бар. Олар ақылсыз болғандықтан емес, кеңесші арқылы жетістікке көбірек жететіндігін білгендіктен көмекке жүгінеді.

«Жуырда «Кәсіпкерлік құпиясы» атты кітабым жарық көреді»

«Өрлеу» — Қазақстан бойынша көп сатылатын кітаптың бірі. Тұңғыш қазақ тіліндегі бизнес кітап ретінде көп сұранысқа ие болды. Бастапқыда 2000 тиражбен жарық көрсе, қазір тағы баспаға берілді. Жалпы таралымы 20 мың дананы құрап отыр. Бизнес саласындағы қазақ тілді кітап десе, халықтың есіне бірден «Өзіңді оят», «Кризистен шығудың 7 жолы» атты кітаптарым келеді. Бұны да бір белес деп біліп, шүкіршілік етемін. Халыққа көмегі тиіп жатқандығын байқағаннан кейін, тағы бір жаңа кітаптың, «Кәсіпкерлік құпиясы» атты кітабымның тұсауын кеспекпіз. Мазмұнына келетін болсақ,»Кәсіпкерлік құпиясында» жеті қадам жайлы айтылады:

  1. Қалыптасу;
  2. Табу;
  3. Шақыру;
  4. Сату;
  5. Дамыту және ұстау;
  6. Қаржыландыру;
  7. Басқару немесе көшбасшылық.

Аманжол Рысмендиевтен кеңес

Жауапкершілік керек. Жауапкершілік болуы үшін намыс қажет. «Ұлттық намыс» деп айтып жатады, одан бұрын отбасылық намыс болуы тиіс. Сыныпта досың бестік алып жатыр, сен неге алмайсың? Досың әдемі көлік мініп жүр. Саған неге мінбеске? Осындай қызғаншақтықтан емес, таза намыстан туған сезім ғана сізге қуатты жігер бере алады. Намыс пен жауапкершілік үндестік тапқанда, сіздің таңертең сағат 5-те тұрмауыңыз мүмкін емес. Осыдан барып сізде еңбекқорлық оянады. Бұларды сіздің бойыңыздан әдемі етіп көрсетеп тұратын — кішіпейілділігіңіз. Оны сақтап қалыңыз. Менің бағалауымша, кішіпейілділік — өмірде өз орныңды білу. Бұларды қазыққа қаққандай ұстап тұратын күш — жігер мен рух. Кей кезде армандарыңыз аяқ асты болуы мүмкін. Міне, сол кезде жігер мен рух сізді қорғайды. Осы айтылғанның барлығының төрешісі бар. Ол — махаббат.

Бір әке баласына жағдай жасап берсе, ол қолынан келгендіктен емес, бала-шағасын жақсы көргендіктен осыған жетті. Бір ер азамат әйелінің жағдайын жасап берсе, ол оны жақсы көргендіктен ғана барлық қиындықты жеңді. Махаббат — сөзбен емес, әрекетпен жеткізілетін сезім.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.