Денис Коржавин өзінің «адасқан уағызшы» екенін қалай мойындады?

Алматы қаласының 1983 жылы туған тұрғыны Денис Коржавин — Қазақ-Ресей медициналық университетінің түлегі. Ол бірнеше жыл бұрын Ислам дінін қабылдап, Сауд Арабиясына Мадинадағы ислам университетіне діни білім алуға барады. Алайда оны бітіре алмай, орта жолдан тастап кетеді де, діни білімін бейресми топтардан алады. Сөйтіп 2011 жылы Қазақстанға дәстүрлі емес діни сенімнің өкілі болып оралады.

Елге келген соң өзін «Абдулла ахи» деп атап, сенімін ғаламторда насихаттайды, орыс тілінде уағыздар айтады. Тіпті «Үш негіз» кітабын (авторы Мұхаммед инб Абд әл Уаххаб) араб тілінен орысшаға аударып, әлеуметтік желілерге жүктеген. Аталмыш кітап салафи-уахабилердің сүйенетін негіздері боп саналады. Елімізде оның таралуына 2011 жылы тыйым салынған.

Көп ұзамай оның аталған әрекеттері әшкере болып, 2017 жылы 18 ақпанда ұсталып, 11 мамырға дейін ісі тергеу абақтысында болды. Коржавиннің ісін қараған Алмалы аудандық соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-тармақшасына сәйкес діни алауыздықты қоздырды деп айыптап, бес жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. Оған жаза мерзімі аяқталғанша тұрғылықты жерін өзгертуге, елден шығуға тыйым салынды. Сондай-ақ, пробациялық бақылау органдары өткізетін тәрбиелеу жұмыстарына қатысуға міндеттелді.

174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру

1. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса,  екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айта кетейік, Коржавинге үкім Алматы қалалық прокуратурасымен жасалған процессуалдық келісім нәтижесінде шығарылды. Процессуалдық келісім соталды тергеу барысында Алматы қалалық ішкі істер департаментінің тергеушісі Алексей Чапурин арқылы жасалған.

Сотталушының жазасын жеңілдетіп, сот залынан босатылуына оның бұрын сотталмағандығы мен кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласының болуы себеп болды. Сонымен бірге ол өзінің адасқанын және уағыздарын таратпау туралы үндеу жариялауға міндеттелді.

«Мен өзімнің қателігімді түсіндім. Енді Қазақстан аумағында да, шетелде де миссионерлік іспен айналыспаймын. Менің бейнематериалдарым діни алауыздықты тудырады»,- деді үкімге мойынсынған уағызшы соттан кейін.

Денис Коржавин әлеуметтік желілердегі, ғаламтордағы өзінің таратқан барлық материалдарды өшіруді сұрады.

Айта кетейік, Денис Коржавиннің ата-анасы да Ислам дінін қабылдаған. Әйелі қазақ.