«ҚазТрансОйл» ЭКСПО-да ұсынылған теxнологияларды қолданады

«ҚазТрансОйл» компаниясы өз жұмысында қолдану үшін «Экспо-2017» көрмесінің бірқатар технологиялық шешімдерін іріктеп алды. Бұл туралы ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында «ҚазТрансОйл» АҚ пайдалану департаменті директорының орынбасары Сергей Костин мәлімдеді, деп жазады Премьер-министрдің ресми сайты.

Ол «ҚазТрансОйл» Қазақстандағы мұнай тасымалдайтын ірі компания ретінде көптеген жылдар бойы өзінің нысандарына энергия ресурсын үнемдеуші технологиялар мен жабдықтарды енгізумен айналысып келетінін айтты.

Мәселен, жақында өткен «Экспо-2017» халықаралық көрмесі аясында компания өкілдері барлық дерлік павильонды аралап, өз жұмыстарында қолдануға болатын Австрия мен Словакияның технологияларын іріктеп алды.

Соның ішінде, жылыту мен салқындатудың ірі гелиожүйелерінің жетекші әлемдік жеткізушісі, австриялық Solid компаниясының технологиясы таңдалды. «ҚазТрансОйл» Solid компаниясының өкілдерімен тәжірибелік сынақтар жүргізуді және келешекте аталған технологияларды өздерінің кеңселік, тұрғын және өндірістік ғимараттарында қолдануды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, «ҚазТрансОйл» словакиялық EcoCapsule компаниясының технологиялық шешімдерін таңдап алды. Ол желдік генератор мен фотоэлектрлік панельдермен жабдықталған мобильді тұрғын модульдерінің өндірушісі.

Модульдерді қоршаған ауа температурасы -50 С-ден +50 С аралығында пайдалануға болады. Олар мұнай өндіру және магистралды мұнай-газ құбыры нысандарын бақылаудың, мониторинг және күзеттің уақытша немесе тұрақты бекеттерін монтаждау қажет болған кезде өте ыңғайлы.

Бұдан өзге, «ҚазТрансОйл» австриялық 1stLevelSolar компаниясының технологиялық шешімдерін қолдану туралы шешім қабылдады. Компания мобильді күн электр стансаларын шығарумен айналысады. Sundrops-ты жабдықтарды қуаттандыруға және коммуникациясы жоқ, қашықта орналасқан нысандардың дала жұмыстарын жүргізу кезінде пайдалануға болады. Сонымен қатар станса шуыл және зиянды қалдықтар шығармайды.