Психолог: Жат ағымнан сақтану үшін сыни тұрғыда ойлауды үйрену керек

«Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шарада Павлодар қаласынан келген «Аддиктология және ментальдық денсаулық» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары, психология ғылымдарының докторлары К.Алина мен Н.Фесенко жастарға жат ағымдардан сақтану жолдарын үйретті. Дін психологиясын түсіну, дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы жастардың психологиялық және діни сауатын арттыру мәселесі кеңінен талқыланды.

Жалпы аддиктивті мінез-құлық түсінігіне тоқталар болсақ, ол адамның шынайы өмірден алшақтап, ойдан өзі шығарған нанымға бой алдыруы болып табылады. Яғни, адам өзіне ұнамаған шындықтан безеді. Оған белгілі бір жүйкеге әсер ететін заттарды қабылдау немесе белгілі бір әрекеттерге «байланып» қалуы түрткі болуы мүмкін. Жат діни ағым өкілдері мұны өте шебер меңгерген және жастардың санасын улауға өте тиімді пайдаланады.

Қазіргі таңда аддиктология төмендегідей тәуелділіктің түрлерін зерттейді: нашақорлық аддикциясы (сонымен қоса токсикомания), ішімдік, темекіге деген аддикция, компьютерлік, ойындық (компьютерлік ойындарға тәуелділік), еңбекке деген тәуелділік, экзотикалық тағамдарға, махаббаттық және жыныстық (бұл екі түрлі көріністе), адамдарға, заттарға және оқиғаларға тәуелділік және көптеген басқа түрлерін қамтиды.

-Бара-бара адам еркін ойлаудан қалып, өзіндік ой-пікірін, бет-бейнесін жоғалтып, өзге жанның ықпалына түседі. Бұл қауіпті жағдайға душар болмас үшін біз жас буынды сыни тұрғыда ойлауға, өмірді өзінің барлық бояуында көруге үйретеміз – деді психолог мамандар семинарда. Семинар жұмысына теологтар, мектеп психологтар қатысты.