Әуезов атындағы академиялық драма театрының 92-ші маусымы ашылды

БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директорының кеңесшісі, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев, театрдың «Әдебиет» бөлімінің меңгерушісі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова, театрдың «Музей» бөлімінің меңгерушісі Наргиз Тамабекқызы, театрдың «Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделханұлы қатысты.

Әуезов театрыТеатр директоры Ерлан Біләлдің айтуынша, былтырғы маусымда театр ұжымы шетелге гастрольге барып қайтты.

«Былтырғы маусымда алты шығармамыз сахнада көрсетілді. Халықаралық дәрежедегі фестивальдар, жоспардағы гастрольдер өтіп жатыр. Тәжікстанда өткен театр фестивалінде де спектакльдер көрсеттік. Биылғы жыл 92-ші маусым Атырау облысынан гастрольдік сапардан басталды. Бұл өте ауқымды фестиваль болды. Бір күнде төрт спектакль қойдық. Айта кетейін, ол шара Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. Онымен қоса, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Лондонға барып қайттық», — деді ол.

Ерлан Біләл осы театр маусымының басты жаңалығы мен ерекшелігіне тоқталды.

«Биылғы 92-ші маусымның алғашқы ерекшеліктерінің бірі — Әуезов театрының шаңырағында Алматыдағы сегіз театрдың тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып отыр. Алғашқы жаңалығы осындай. Ал екінші ерекшелігі осы жылдың соңына дейін, яғни Жаңа жылға дейін бізде екі жаңа қойылым жарық көреді. Министрлік қолдау көрсетіп, Жапонияда елшілігіміз бар. Жапонияның Сыртқы Істер министрлігімен келіссөздер жүргізіліп жатыр», — деді Ерлан Біләл.

Ал халық әртісі Асанәлі Әшімов «Бейбарыс» спектаклін ағылшын тілінде көрсетіп, қазақ халқын бүкіл әлемге танытқысы келетін айтты.

«Осы спектакльді Англия, Франция, Америка, Жапония сияқты елдерде ағылшын тілінде көрсету керек. Сонда бі қазақты бүкіл әлемге танытатын боламыз», — деді ол.

Әуезов театры көрмесіБаспасөз мәслихатынан кейін театр әртістерінің салтанатты шеруі өтті. Бұдан кейін театрға келген халық көрмені аралай бастады.

Айта кетейік, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының 92-маусымы Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашылды.