Ақан серінің әніне айналған Балқадишаға арналған мүсін бар

Балқадиша Ыбырайқызы — Зеренді ауданына қарасты, Кеңөткел елді мекенінің тумасы. Оның әннің кейіпкеріне айналуы да тегіннен емес.  Көңіл-қошы болмай күйзелісте жүрген Ақан сері ел аралап жүріп, той үстінде Балқадишаны кездестіреді. Өзге жігітке атастырылып қойған ару осылайша Ақанның  жүрегін жаулап алады. Қызға деген қимастық сезімінен Балқадиша әні өмірге келген екен.

Мүсіннің ашылу салтанатында ауданның атқамінерлері бұл шара бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалатындығын жеткізді. Жалпы, тас тұғырдың  биіктігі 4,2 метр. Салмағы 6 тонна.  Жоба авторы ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Юрий Попов.

Балқадиша әнін  сонау 1925 жылы Әміре Қашаубаев Париж қаласында өткен дүниежүзілік фестивальде шырқап, жүлделі орын алғаны белгілі.

«Ән кейіпкерінің әдемілігін, ақылдылығын дәріптеу арқылы — күллі қазақ қыздарына үлгі ету басты мақсатымыз», — дейді тұрғындар.