Қазақстандық 15 жасар данышпан әйгілі астрофизик Стивен Хокингпен кездесті

Исаак Мустопуло мүмкіндігі шектеулі жандарға арналаған STEM ұлттық инновация конкурсының лауреаты атанған. Оны Британ Кеңесі мен National Agency for Technological Development ұйымдастырды.

Исаак аталған конкурсқа өзінің «Үндестік теориясы» атты видеоролигін жіберген болатын. Онда оқушы ғарыш кемелеріне арналған электроэнергияны өндіру жолдарын айтып береді. Ролик соңында өзінің үлгі тұтар ғалымы астрофизик Стивен Хокингпен кездескісі келетінін де қосқан.

«Біз және бізді қоршағанның бәрі материядан құралғанын білеміз. Бірақ табиғатта материяға қарама-қарсы антиматериялар да бар. Ол екеуі өзара әрекетке түскен кезде өте көп энергия бөлініп шығады да, екеуі де жойылады. Осы энергияны ғарыш кемелеріне жанармай ретінде қолдана аламыз»,-дейді Исаак бейнематериалында.

Оқушының арманын іске асыруға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Air Astana авиакомпаниясының президенті Питер Фостер көмектесті.