Астанада қарияларға арналған орталық ашылды

Қабанбай батыр көшесінде орналасқан «Инфинити-1» тұрғын үй кешенінде ашылған екі бөлмелі шағын орталық, қажетті жиһазбен қамтамасыз етілген. Мұнда зейнеткерлерді түрлі маман иелері жеке сұрақтары бойынша қабылдап, алуан тақырыптар талқыланатын дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізілетін болады. Орталықта қариялар бос уақытын өткізіп, үстел ойындарын ойнап, мерзімді баспасөз құралдарындағы жаңалықтармен таныса алады.

Есіл ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Рысты Атығаеваның айтуынша, шағын орталық халықаралық қарттар күніне орай ашылып отыр.

«Қазан айының соңына дейін Есіл ауданында қарияларға арналған тағы да төрт шағын орталық ашылмақ. «Дана» шағын орталығын ашуға «Есіл групп сервис» ЖШС қолдау көрсетті. Бұл — біздің аудандағы осындай төртінші ғимарат. Бұдан бұрын «Есіл» ауданы әкімінің аппараты Ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып, «Нұрсая-1», «Уют», «Номад» тұрғын үй кешендерінде қарияларға арналған шағын орталықтарды ашқан болатын. Осылайша біздің ауданда қарияларға арналған 8 шағын орталық жұмыс істейтін болады», — деді Рысты Атығаева.

Айта кетейік, орталықта қызмет ететін ардагерлер кеңесінің мүшелері көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға, мектеп оқушыларына көмектесуге әрдайым дайын.