Медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын АҚШ ғалымдары алды

Физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын америкалық Майкл Янг, Джеффри Холл мен Майкл Росбаш алды. Сыйлық ғалымдарға циркадты ырғақты бақылап отыратын молекулярлық механизмдерді ашудағы еңбегі үшін берілген. Комитет мамандарының айтуынша, олар адам ағзасындағы биологиялық сағатты толықтай зерттеп, жұмысын түсіндіре алған.

Джефри Холл мен Майкл Росбаш Брандейс университетінде жұмыс істеп келеді. Майкл Янг болса, 1978 жылдан бері Рокфеллер университетінде қызмет етеді.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы жылы медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын  “Аутофагия механизмін ашқаны үшін” жапониялық Ёсинори Осуми алған еді. Ол ағзаның аштық кезінде өзін-өзі тазартатынын тәжірибе арқылы дәлелдеді. Бірқатар басылымдар оны «оразаның пайдасын дәлелдеген ғалым» деп жазған болатын.