Алматы қаласында интерактивті діни карта іске қосылды

Сарапшылардың пікірінше, аталмыш жоба халықтың діни сауатын көтеруге ықпалын тигізеді. Қазіргі таңда радикалды және экстремистік діни ағымдардың көп таралуы қоғамымызға үлкен зардабын тигізіп жатыр.

Интерактивті картаның негізгі мақсаты — түрлі ағымдардың ықпалынан адамдарды құтқару. Сондай-ақ, оларға діни негізде ақпараттар бере отырып, діни сауаттылығын көтеру.

Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Кикимовтың айтуынша, аталмыш жоба бақылаусыз кеткен діни ағымдарға тоқтау салмақ. Осы кезге дейін бұрыс жолдағы бірнеше діни бірлестікті жабуға көмектескен.

Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Кикимов©Baribar.kz

«Әлбетте радикалды және экстремистік, діни ағымдардың сонымен қатар діни культтердің таралуы қоғамымызға үлкен зардабын тигізеді. Неге десеңіз, бақылаусыз өз бетімен кеткен ағымдар қай жаққа апаратыны белгілі. Дін істері басқармасы мен «Сараптама және зерттеу» орталығының біріккен жобасы интерактивті карта осындай ағымдардың ықпалынан адамдарды құтқаруға септігін тигізеді. Себебі ресурс ашық, кез-келген қолданушы кіре алады. Қандай конфессия қандай құжатпен  жұмыс жасап жатыр. Барлық ақпарат айқын. Бұл жобаны шығаруға екі орталықтың ұжымы атсалысты. Нәтиже жаман емес деп ойлаймын. Картаны іске қосу барысында оннан астам бұрыс жолдағы діни бірлестік өз жұмысын тоқтатты», — деді Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Кикимов.

Сондай-ақ, қала тұрғындары кез-келген уақытта орталықтың сайтына кіріп, мәлімет қалдыруына болады.

«Біз тұрғындар үшін барлық жағдай жасадық. Кез келген ақпаратпен бөліскісі келген адам біздің сайтқа хабарласса болады. Әртүрлі желілермен байланыстамыз. Мәселен, қазіргі барлығы қолданатын Whatsapp, Viber желілері қосулы тұр. Хабарласуға болады. Мамандарымыз сіздерге жауап беруге дайын», — деді Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Кикимов.

Жоба  авторларының бірі «Сараптама және зерттеу орталығының» жетекшісі Бейбіт Тұрабаев мұндай бірегей жобаның ТМД аумағында баламасы жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, жоба адамдарға әртүрлі діни бірлестіктердің мақсаты, олар туралы толық мәлімет білуге көмектеседі.

Бейбіт Тұрабаев
«Сараптама және зерттеу орталығының» жетекшісі Бейбіт Тұрабаев©Baribar.kz

«Сайт арқылы біз азаматтарды діни ұйымдар туралы ақпаратпен қамтамасыз ететін боламыз. Осы арқылы мониторинг процесін оңтайландырамыз. Бұл өз кезегінде 178 діни ұйым туралы ақпарат шоғырланған  мәліметтер базасы болмақ. Мұндай бірегей жобаның ТМД аймағында  баламасы жоқ. Адамдар арнайы хабарлама қалдырып, деструктивті ұйымдар туралы мәлімет қалдыра алады. Барлығы да анонимді болмақ. Бұл біз үшін түрлі діни бірлестіктер туралы толық білуге көмектеседі», — деді Бейбіт Тұрабаев.

Жоба екі тілде  — қазақ және орыс тілдерінде, барлық гаджет түрлеріне бейімделген арнайы электрондық портал түрінде шығарылды. Сайттың басты бетіндегі «Интерактивті картада» қаладағы барлық діни ұйымдарға, діни-ғұрыптық ғимараттарға, діни әдебиеттер тарататын нысандарға толық сипаттама берілген. Карта жаңа қосылған мәліметтермен үнемі толықтырылып, жаңартылып отырады. Сонымен қатар, діни әдебиет саудасының рұқсат етілген орындарының  тізімі көрсетілген.

Діни экстремизм идеологиясының таралуына көптеген себептер мен факторлар бар. Олардың қатарында жергілікті халықтың діни сауаттылығының төмендігін, жергілікті тұрғындардың қала (мемлекеттер) территориясында әрекет етіп жүрген діни ұйымдардың қызметтері жайлы хабарсыздығын, ғаламтордағы деструктивті ағым мүшелерінің белсенді әрекетін атап өтуге болады.

Карта қала тұрғындарын заңды түрде қызмет етіп жатқан діни ұйымдар, діни-ғұрыптық ғимараттар және миссионерлер туралы хабардар етіп отырады. Сонымен қатар, бақылау процесін едәуір тиімді етіп, жүргізіліп отырған жұмыстың жылдамдығы мен нәтижелілігін арттыруға көмегін тигізетін қала тұрғындарына да қатысуға мүмкіндік береді.