Дәстүрлі қазақ әскеріндегі ұрыс тактикалары туралы не білеміз?

Көзсіз ерлік жасау, қызбалық істеу соғыста абырой әкелмейді. Бұлай істегендер өз жағынан да жазаланып отырған. Қазақтар өздері жетілдірген осындай айла-тәсілдерді қолданғандықтан, жоңғарлар зеңбіректері болса да, жетістікке жете бермеді. Осының нәтижесінде, қазақ елі үшін тарихи маңызы бар ұлы жеңістерге қол жетті.

«Көз алдау»

Айқас кезінде кейде қазақтар жау жағы әскер саны көп деп ойласын деп атқа адам бейнесін, киіндірілген қуыршақтарды қондырып қойған. Бұл әдіс әдетте қарсыласына үрей туғызады. Егер жаулары басым түссе, олар жауларына арт жағынан қууға жол берген. Олар бір-бірінен бөлінген кезде іздеріне түсіп қуа жүріп, майдандағыдан бетер қырғынға ұшыратқан.

Қалың қолдың алдына тұтқындарды салу әдісі де қолданылған. Ал шыңдалған күшті әскерді алыстан оң және сол жағынан жібереді. Олар бұл әскерді жау көрмеу үшін істейді. Осы әдіспен жауларын ортаға қамап, бір жағынан шайқасты бастайды. Бұл әдіс Қыпшақ даласындағы көшпенділерден қазақ әскеріне үрдіс ретінде қалыптасып қалған. Егер қолбасшылар атпен соғысуды қажетсіз деп тапқан жағдайда, жауынгерлер аттарының делбесін белдеріне байлап, жауға қарсы жебе оқтарын жаудырып, қоян-қолтық келіп қалғанда найза, қылышпен шайқасқан. Егер, оларға жау ойламаған жерден тап берсе, қоршау жасап, шеңбер құруға тырысады, содан шайқаса жүріп, қазақ дәстүрі бойынша шеңберді айналады.

«Ай қораланды»

Айла-тәсілдер қазақ әскерінің жоңғарлармен қақтығысында көп қолданылды. Солардың бірі – ай қораланды әдісі де осында пайдаланылды. «Ай қораланды» тәсілі – жауын айналдыра сырттан қоршап алып, сонан соң біртіндеп қыса түсу. Мысалы, 1726 жылғы Сарысу өзені бойындағы Айран төгілген деген жердегі қазақ-жоңғар айқасында қазақтар жағы осы әскери әдісті пайдаланған.

«Қоян қашты»

«Қоян қашты» – өздері әдейі қашып, бөлініп қуған жауды қоршап алып, жойып жіберу. Алдыңғы әскер легін жау көріп қалса, оған жақындап барып, садақпен бірнеше рет атқан. Жау сескенбесе, оны алдау үшін кейін шегініп, негізгі әскердің торуылына ілестіріп келген, сөйтіп, қоршауға түсірген. Егер жаудың күші аса басым екеніне көзі жетсе, одан бір немесе екі күндік жерге қаша шегініп кетіп, басқа жасырын жолға түсіріп, торуылдай жүріп, қырғынға ұшыратқан. Егер бұл әдіспен ала алмаса, он-он екі күндік жерге шегініп кетіп, қауіпсіз бекіністі жерге орналасып алып, бөлшектеніп жеткен жауды жеңу амалын тапқан. Бұл амал да 1726 жылғы Айран төгілген деген жердегі ұрыста қолданылған. Бір атап өтерлігі – Аңырақай шайқасында қазақтардың негізгі қаруы садақ, найза, қылыш, айбалта, қанжар, арқан болғандықтан, олар отты қарумен сақадай сайланған жоңғарды жеңе алмауы да мүмкін еді. Бірақ, Әбілхайыр бастаған қазақ батырларының жауды көпшілік жағдайда қоршауға алып, жеке-жеке жойып жіберіп және жаудың тылмен байланысын үзіп тастап отыру тактикасының арқасында жеңгені әмбеге аян.

«Тұлғама»

Қазақтар шабуылда өздерінің «тұлғама» немесе «тұлғамыш» деп аталатын тәсілін қолданған. Бұл сөз көне түркі тілінде «қоршап алу» және «қарату» деген ұғымдарды білдіреді. Тұлғама – жауды қоршап алып, қоршаудағы жауға не оның тылына шабуыл жасау. Бабыр өзінің қолжазбаларында тұлғаманы Дешті Қыпшақ халқының шабуылдағы ұлы өнері ретінде көрсетеді. Бабырдың айтуынша, қыпшақ даласы тұрғындарының бір шабуылы да тұлғамасыз өтпейді.

«Шашыла шабу»

Осы жерде Бабыр Дешті Қыпшақ көшпенділерінің тағы бір соғыс тәсілі туралы айтады. Бұл шабуыл тәсілінің мәні мынадай: бектер мен нөкерлер бәрі бірдей қарсыласының жағына қарай бар күшімен шабады, оқ атады, кенеттен аттарынан түседі де, кері бұрылып, тізгіндерін жібере салып, шашыла шабады.

«Теріден жасалған қайық»

Плано Карпини мен Гильом де Рубруктың айтуы бойынша, түркілер мен моңғолдар әскери қақтығыстарда қиын жағдайларда өте айлакер, жол тапқыш болған. Егер олар алдарынан үлкен өзен кездесіп қалса, асқан айлакерлікпен жауынгерлерін де, аттарын да, мүліктерін де аман алып өтеді екен. Олар теріні дөңгелек қап тәріздендіріп тігіп, оған арқан өткізетін тоғалар қадап ішін жорықта қажет зат, мүлік, киім-кешекпен толтырады, өте мықты етіп байланыстырады. Осы әдіспен жасалған қайықты адамдар ат құйрығына байлап өздері үстіне отырады екен. Кейде екі ескек алып, соны есе отырып, арғы бетке өтеді екен. Сондай-ақ, әрбір сарбаз теріден мықтап тігілген қалта немесе қапшық ұстаған. Бұны алып жүруге кез келгені міндетті болған. Онымен де жоғарыдағы әдіс бойынша жүзіп өткен.

«Байқатпай жиналу»

Жорыққа шық​қанда көшпенділер әскерді бірнеше топқа бөліп, алдын ала белгіленген жерде тосыннан жиналған. Бұл көп әскердің қалай, қайдан келгенін байқатпай, жау жағын қапыда қалдыру айласы еді. 1838 жылы Кенесары Ақмола бекінісін аларда осы әдісті қолданған.

«Жылжымалы қамал»

Екі жақтың күші бірдей түсіп, жаумен бетпе-бет кездесер жағдай туса, қазақтар сап-сап боп бірнеше қатарға бөлінетін. Әдет бойынша алдыңғы қатардағы атты жауынгерлер саптарын сүйір ұшты етіп құратын. Бұл оларға жұмсақ жерге кірген қазықтай, жау шебін оңай бұзуға керек-ті. Әр топтың араларына және арт жағына шабуылға шыққан жауды кідірту үшін арбалар қоятын. Осы арбалардың артында керек кезінде ұрысқа түсуге дайын тұрған тағы да әскер болатын. Ал егер жау жағының күші басым келіп, шабуылды олар бастайтынына Қыпшақтардың көздері жетсе, соғысу тәсілін басқаша жүргізетін. Үстіне өгіз, түйе терілерін жапқан арбалардан дөңгеленте бекініс жасай-тын. Арбалардың шетінде жағалай тұрып алып, шабуылға шыққан жауына оқ жаудыратын.

Жау қай жағынан келсе де, дөңгелене құрылған бекіністегі қазақтарды ала алмайды. Өздері оққа ұшады. Оның үстіне қазақтар әлгі арбадан жасалған дөңгелек бекіністерінің араларында қисық-қисық жол қалдырып, жау күшінің әлсірегенін білсе, өздеріне таныс қисық жолдарымен жау шебіне ат қояды. Ал шабуыл жасаған жау бұл жолдарды пайдалана алмайды. Шауып келіп кіремін деген жауынгер екпінімен көз алдындағы арбаны соғып, быт-шыты шығады. Ал әлдеқайда кіре қалған жауынгер бұраңдап жатқан жолмен бекініс ортасындағы шепке жеткенше қазақтың бірер жігітінің шірене тартқан садағының сауыт бұзар жебесіне душар болады. Тіпті, таяп қалса найзағайдай жарқылдаған наркескенінен қаза табады. Ал арба арасындағы қисық жолдарды Қыпшақ жауынгерлері мейлінше еркін пайдаланатын. Жау күтпеген жерден, тал арасынан шыққан жолбарыстай, лып етіп пайда болып, садақ оғын жаудырып-жаудырып жіберіп, қайтадан кіріп жоқ болып кетеді. Осындай жылжымалы бекініске орналасқан қыпшақтарды жау ала қоям деп дәметпейтін. Өгіз, түйе терілерімен жабылған арба қорғанына қазақтардың бекінгенін білсе, әдетте жау ұрыс ашпайтын, өз бетімен кейін шегінетін.

Жаугершілік уақытта қазақ ауылдары да осылай «алқақотан отырған». Соғыс кезінде көшпелілердің әскери лагерьлері осы әдіспен құрылып, кейде сыртынан топырақ үйіліп, бекініс жасалған. Шабуыл кезінде көшпелілер арбалардан жылжымалы бекініс жасап, жауға тойтарыс берген. Аңырақай шайқасында Тілеулі батырдың жыл​жы​ма​лы қамалына тап болған жоң​ғар​лардың талай атты әскері көзді ашып-жұм​ғанша жоқ болған.

Қорғанудың тағы бір түрі табиғи бекіністерді (тау қойнаулары, үңгірлер, шатқалдар, т.б.) пайдалану. 1643 жылы Орбұлақ шайқасында жоңғар әскеріне қарсы Салқам Жәңгір осы әдісті қолданған. Бұдан басқа тастан, балшықтан тұрақты соғылған, сыртынан ор қазылып, су жіберілген бекініс, қамалдар да болған.

«Жау шебін бұзу»

Ашық далада жау әскерімен кездескенде соғысты, әдетте, жеңіл қаруланған садақшылар бастаған. Алыстан атыс жүргізу арқылы олар дұшпан жауынгерлерін, аттарын шығынға ұшыратуға, шебін бұзуға, сөйтіп қоян-қолтық айқасты жеңілдетуге тырысқан. Мұндай әдісті моңғолдар «тулучма» деп атаған. Осыдан кейін айқасқа шайқастың тағдырын шешетін ауыр қару асынғандар, қылышкерлер, айбалташылар, шоқпаршылар бірнеше қосынға бөлініп кезек-кезегімен кіргізілген. Шегінуді олар жаудың әскер шебін бұзып, қозғалтуға мәжбүр ету үшін, немесе жауды бекінген қамалынан шығару үшін, соңынан ілестіріп, жасырын тұрған негізгі күштің үстінен түсіру немесе қайта шабуылға шығу мақсатында қатарын жинап алу үшін қолданған.

«Моңғол диірмені»

Жау кенеттен шабуылдаған жағдайда қазақ әскері қапталды қабыстырып, шеңбер жасайды да, атпен айнала шауып жүріп жауға қарай садақтан оқ жаудырады. Жау қоршауының ішінде қалып қойса да, сыртында болса да осылай айнала оқ жаудырып, жеңіске жеткен.

Жекпе-жек

Жекпе-жек – ұрыс, не майдан алдындағы батырлардың жеке айқастары. Оған қатысу батырлардың жауынгерлік борышы саналған. Өз ісіне машықты кәсіби жауынгерлер аз қантөгіспен, жеке айқастарымен соғыс тағдырын шешіп отырған. Жекпе-жекте жау батырын жеңу, батырлардың атағын шығарып, дәрежесін өсірген. Жеңген батыр қар​сыласының атын, қару-жарағын ол​жалаған. Батыры өлген жақ оның денесін жау​ға бермеуге тырысып, «сүйекке шап​қан», яғни батырдың денесін бермей алып қалу ерлікке саналған.

Бұл көш​пенділер әскери тактикасының ең ерекше тә​сілі саналады. Батырлар жекпе-жегін өт​​кізу қазақтарда ХІХ ғасырға дейін сақталып келді.

Батырлар жекпе-жегінің мақсаттары – аз қантөгіспен, тәжірибелі кәсіби жауынгерлердің жеке айқастарымен соғыс тағдырын шешу, айқас алдында жауға күш көрсету, жаудың басты батырларын құрту, екі жақтың батырларының күшін сынасу. Бір жақтың батырлары өте басым түскен жағдайда, қарсы жақ кейде соғысты жалғастырмай, кері шегініп кететін де болған. Жеңімпаз батырлар әскердің, елдің ұранына айналып, жекпе-жек айқастарда қаза болғандардың есімдері өзі шейіт болған жерге қойылып, елі үшін жанын пида қылған ерлер есімі кейінге сақталып қалатын.

Ақтабан шұбырынды кезінде қазақ пен қалмақ батырларының жеке айқастары тарихи жырларда көп айтылады. Аңырақай шайқасында Қанжығалы Бөгенбай мен Қалдан Сереннің інісі қолбасшы Шоно жекпе-жекке шығып, бірін-бірі жеңе алмағанымен, жекпе-жекте шапырашты Бөлек батыр қалмақ Аңырақайды, шымыр Ақша батыр қалмақ Дәржіні мерт қылды. Кенесарының қырғыздармен соғысында да қазақ-қырғыз батырларының жекпе-жегі өткізіліп отырған. Исатай-Махамбет бастаған халық көтерілісі кезінде Исатай мен Қарауыл қожа әскері кездескенде де батырлар жекпе-жегі өткен. Жекпе-жекте қайта-қайта жеңіске жеткен Исатай батырларының сұсынан сескенген Қарауыл қожа әскерін шегіндіріп алып кетеді.

Байрақтың маңызы ерекше

Көшпенділердің әскери қарулануының бас белгісі – Ту. Ол соғыс кезінде кем дегенде екі қызметті орындады: бірінші, ол – қасиетті белгі, екінші, ұрыс кезі мен сапта әскерге түрлі белгі беру үшін пайдаланылған. Әрбір тайпаның, ұлыс сұлтанының, ханның тулары болды. Дәстүр бойынша, тудың ханда болатын ең жоғарғы саны – тоғыз. «Тоғыз тулы хан» туралы айтқанда, халық көз алдына өте күшті билеушілерді елестететін. Орта ғасыр авторларының айтуынша, алғашқы қазақ билеушілері «тоғыз тулы хандар» болған. Ту әскер қолбасшысының тек сыртқы белгісі емес, сонымен бірге әскери атақ пен даңқтың белгісі болатын. Негізгі туды бейбіт уақытта мемлекеттік қасиетті нәрсе ретінде ұқыпты сақтап, тек соғыста ғана шығарған. Әдетте жоғары қолбасшыдан кейінгі әскердегі бірінші адам – сұлтан, не беделді би жорықта әскери тудың сақтаушысы болып тағайындалған. Ту ерекше жасаққа тапсырылады. Шабуыл кезінде нағыз ұрыс қарсыластың туы үшін жүргізіледі. Ту ұстаушы жауынгердің өлімі әрқашан жауынгерлер арасында абыржу туғызатын, ал негізгі тудың құлауы, не жоғалуы әскердің жеңілгенін білдіретін. Ұрыс алдында жауынгерлер өздерін басқадан айыру үшін қолдарына өз әскери туының түсімен бірдей белгі (байлауыш) байлаған. Белгіленген уақытта ту ұстаушы негізгі туды көтерісімен, әскер жауына қарсы аттанады.

Қолбасшылардың, батырлардың бәрінің де өз туы болды. Жазбаша, ауызша деректерде Қаракерей Қабанбайдың ақ туы, Абылайдың жасыл туы болғаны айтылады. Тама Есет батырдың да өз байрағы болған. Шақшақ Жәнібектің туының сақталып қалған бір бөлігі соңғы уақытта табылды. Тілеулі батырдың туы шұбар ала түсті болған көрінеді.

Жоңғарлармен шайқасқа қазақтың әскер қосындары өздері табынатын киелі бейнелерді де әскери рәміздік белгі түрінде көтеріп шықты. Мұндай белгілер (бейнелер) металдан соғылып, алыстан жарқ-жұрқ етіп көзге көріну үшін қанық түсті матадан тігілген әскери туларға жапсырылды, оның жоғары жағына көбінде аттың қылы, кейде қасиетті аңның құйрығы байланды, тігінен немесе көлденеңінен ағаш сапқа бекітілді.