Дәстүрлі қазақ әскерінің құрылымы мен офицерлік құрамы қандай болған?

Қазақтың әскери тарихы тым әріден бастау алады. Қазақ әскерінің қалыптасуына арғы түбі сақ жауынгерлерінің, берісі ғұндар сол сияқты басқа да көшпелі тайпалар мен мемлекеттердің соғысу өнері, одан кейінгі Шыңғыс хан мен Әмір Темір құрған әскерлер, олардың ұрыс тактикалары үлкен ықпал етті. Сөйтіп, ежелден келе жатқан жеке-жеке тайпалардың (рулар) әскери негізінде алғашқы қазақ әскері XV ғасырда қазақ хандығының құрылуымен бірге біріккен әскери құрылымдық күш пайда болды. Дегенмен, тұрақты әскердің саны көп болмаған. Сырттан жау шапса, ру-тайпалық жасақтар дер кезінде жиналып отырған. Бұл жасақтарды ру басылары басқарған. Әр жасақтың өз таңбасы, ұраны бар. Осындай тәуелсіз жасақтардан құрама бөлім – ұлыс қосыны құралады. Ұлыс – жүз мың адам. Ұлыс әскерлерінің де өз туы, ұраны болады. Ал хан бірнеше ұлыстың біріккен әскерінің жоғарғы қолбасшысы болған. Хан өзінің өміріне төнген қауіпке қарамастан, қиындықты жауынгерлерімен бірге көріп, қолды өзі бастап жүрген. Мәселен, Қасым ханның Әндіжанға бет алғандағы әскерінің құрамында үш жүз мың (300 000) сарбаз болған. ХVІІІ ғасырда Абылай хан жоңғарға қарсы 150 мың әскер жинақтаған екен. Абылай хан әскерінің оң қанатын – Бөгенбай, сол қанатын – Қабанбай, орталық бөлігін – Наурызбай батыр бастап жүрген. Бұл кезде де әскер Шыңғыс хан заманындағыдай жүйемен топтастырылған. Алдыңғы әскер – мұңғалан деп аталған. Ол үнемі алда жүрген және жауды сескендіріп, бойына қорқыныш ұялату үшін сан жағынан әлдеқайда көп болған. Ол да үшке бөлінген.

Сарбаздардың қару-жарақпен түгелдей қамтылуын әскербасы қадағалаған. Кейінгі уақыттарда бұл үрдіске билер де араласқан. Яғни, олар қосымша жасақ шығарып, оны қарумен қамтуға өз көмектерін берген.

Әскери құрылым

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақта тұрақты әскер болмаған. Олар жорыққа шығар алдында ғана жиналған. Ерекше жағдайда жасақталған қалың қолды «сарбаз» деп атаған. Соғыс стратегиясы бойынша, қазақ халқында түріне, құрамына, ерекшелігіне байланысты әскер былайша бөлініп, мынандай атауға ие болды: атты әскер, жаяу әскер, ондық, жүздік, мыңдық, түмен, жасақ, қосын, қол, лек, аламан, оң қанат, сол қанат, шеру, сап, шеп, және т.б.

Әскердің жарыспалы атаулары: батыр (баһадүр), аламан, сыпай (сипаһ), шора, шерік, жасауыл, сарбаз, жауынгер.

Онбасы

Қазақ әскеріндегі ең кіші әскери бөлік – ондық деп аталады. Оны басқаратын адам – онбасы. Оның жетекшісі бейбіт уақытта өз қоластындағы сарбаздың қайда жүргенін үнемі біліп отыруға тиісті.

Жүзбасы

Жүз адамнан тұратын әскердің басшысы – жүзбасы. Соғыс кезінде әрбір шаңырақтан 1 жауынгер алынатын болғандықтан бейбіт уақытта жүзбасы жүз үйді басқарған. Осы себептен кейіннен ХІХ ғасырдың ортасында жүзбасы лауазымы әкімшілік сипатқа ие болып, оған жүз үй немесе жүз жауынгер шығара алатындай мөлшердегі халық бағынған.

Мыңбасы

Мың адамнан тұратын әскердің жетекшісі – мыңбасы (мыңбегі). Он жүзбасы өз әскерімен бірге осы мыңбасына бағынған.

Түменбасы

Мыңбасылар түменбасына (тубегі, түменбегі) бағынады. Түменбасының қоластында он мың әскер болған.

Ту ұстаушы байрақтар

Он мың әскерді бастап жүрген адам ту ұстайтын болған. Оны байрақтар деп атаған. Өйткені, қазақта он мың әскер – бір ту әскер делінеді. Әр он мың әскердің өз ту ұстаушысы болады.

Байғұрт

Елу мың адамнан тұратын әскерді басқарушы – байғұрт деп аталған.

Ұлыс қолбасшысы

Елу мың сарбаздан құралған екі топ қосылып, ұлыс қосынын құраған.

Бас қолбасшы – хан

Барлық ұлыстар ханға бағынған. Хан солардың бас қолбасшысы саналған. Кей жағдайларда ғана хан жорыққа өзі бармаса, сұлтандарды немесе ең мықты батырды өз орнына бас қолбасшы етіп тағайындайды.

Барлаушылар

Соғыс кезінде барлау жұмыстарына көп көңіл бөлінген. Жолдарға күзетші қойылып, алдын ала шолғыншылар жіберілген. Төбелердің үстіне орналасқан қарауылдар жау жақындағанда «ұран-оттар» жағып, хабар беріп отырған. Ертауыл деп аталатын шолғыншы әскер болашақ жорықтың бағыты бойынша негізгі әскерден бес жүз, кейде мың шақырым озып жер жайын, жайылым мен суат, егер қыс болса ықтасын жерлерді алдын  ала тауып хабар беріп отырады.

Үш тархан, бір генерал

Тархан деген дәреже «фельдмаршал» шенімен бірдей маңызға ие. Қазақ әскери тарихында бұл дәрежеге үш батыр лайық деп табылып, шенді салтанатты түрде иемденген. Олар – Шақшақ Жәнібек пен оның ұлы Дәуітбай батыр және тама Есет батыр. Жалпы, Шақшақ Жәнібек қазақтан шыққан тұңғыш генерал ретінде ресми мойындалған.

Ал, орыс әскерінде жүріп, оның ең биік дәрежесінің бірі – кавалерия генералы атағын алған хан Жәңгірдің ұлы Ғұбайдолла Шыңғысхан болатын. Ресейдің оңтүстігінде телеграф желісін құрған қазақ генералы Ғұбайдолла Шыңғысхан 37 жыл әскери қызметте болып, Ресей империясының ең жоғарғы ордендерімен марапатталды.

Әскери-инженерлік өнер

XV-XVII ғасырларда қазақ әскері оң қанат, сол қанат, орта тұсы ортада болып, ұрысқа түскен. Сондай-ақ, олар әскери-инженерлік өнерді де қолдана білген. Мәселен, жаудан қорғану үшін мықты қамал тұрғызып, айналдыра ор қазып, оны сумен толтырған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жетісу қазақтары тау шатқалдарын берік қорғанысқа айналдырып, жауға тұтқиылдан соққы берген. Сонымен қатар, қазақ халқы ерте заманда инженерлік өнерді кеңінен қолданған, бұл VI-XII ғасырларда Құлан, Меркі, Ордакент, Отырар, Сығанақ сияқты қалалардан байқалады. Мәселен, Тақыр ханның тұсында Жетісу қазақтары жоңғардан қорғану үшін Жатан атты бекіністі тұрғызған.

Көшпелілердің соғыс тәжірибесінде қамал алудың мәні зор. Оның көптеген әдіс-тәсілдері бар. Соның бірі – қамалға өрт қою. Ол үшін жебелердің ұшына майлы шүберек байлап, оны тұтатып атқылаған. Ақмола бекінісін алу кезінде Кенесары сарбаздары осындай отты жебелерді пайдаланған. Тас қамалды алу үшін жер астынан үңгір жол қазу да көшпелілерде жиі қолданылған. Қамал шетіндегі орларға топырақ салынған қаптар тастап, ішке кіретін жол салған, қамал қабырғаларына шығу үшін арқан сатылар жасалған. Ашық майданда шайқасудан гөрі қамал бұзу күрделі болғандықтан, қамал алу және оған алғашқы болып кіру батырлар үшін аса мәртебе, құрметті дәреже саналған. Шаған бойындағы шайқаста жау қамалын бұзғаны үшін Қабанбай батыр «Дарабоз» атанған, ал Көкалажар қамалын алғаны үшін Иман батырды Кенесары «Аяке» деп атаған.

Атты әскер

Тұтқиылдан соққы беретін негізгі әскер – атты әскер. Атты әскер ауыр, орта, жеңіл болып бөлінген. Ұрыстарда атты әскер тобы шешуші рөл атқарып, жекпе-жек шайқастарда пайдаланылған, ал түркі елдерінде атты әскердің жеңіл түрі кең дамыған. Олардың атты әскерінде шалымдылық пен айлакерлік күшті болған. Қазақтардың кез келген жауынгерлік жорығы мініс атпен тығыз байланысты. Соғысқа алынған әрбір жауынгердің кем дегенде екі аты және өзінің соғыс жарақтары болды. Далалық көшпенділердің атты әскерлері жылдамдығымен ерекшеленетін және жаңа шабуылға тез күш жинай білді.

Қазақтар әскери аттар мен сәйгүліктерге ерекше күтім жасап, оларға көз тимесін деп мойындарына тұмар байлап, жабулап ұстаған. Ал кейбірде олардың желкесіне, жалына немесе құйрығына үкі таққан, кейде қос құлағының арасына бір шоқ кекіл қойған, жалдарын қырыққан.

Көшпелі елде саны көп тұрақты атты әскер ұстау мүмкін емес. Тұрақты әскер тек Сырдария бойындағы қалалар мен бекіністерді иелену және қорғау үшін қажет болды. Қазақ хандары XV-XVII ғасырларда арнаулы атты жасақ ұстаған. Олардың құрамы жаугершілік заманда 3 мыңнан 5 мыңға дейін жеткен. Қазақ атты жасақтары жазда жиналып, қысқа қарай ханды қорғайтын аз ғана сарбаздан басқасы тарап кетіп отырған.

Жаяу әскер

Қазақ жерінде жаяу әскер де болған. Бұл әскер түрі уақыт талғамай кез келген жерде табан тірескен ұзақ ұрыс жүргізе алатын еді. Қорғаныс кезінде жау шабуылын тойтарады, қарсы шабуылға шығады. Олар қалқан, сауыт, дулыға секілді қорғаныс құралдарын иемденген. Дұшпанға соққы беру үшін ауыр және орта жаяу әскер түрлері жинақы түзу шеп құрып соғысады. Жеңіл жаяу әскер найзагерлердің алдыңғы сапында немесе олардың соңынан ере ұрыс жүргізеді. Олардың міндеті – әскердің негізгі бөлігін қалқалау. Садақшылардан жасақталған жеңіл жаяу әскер ұрысқа шайқас қызған кезде қосылған. Қарулы күштер көбіне халық жасақтарынан құралды. Жайшылықта қару-жарағын асынып, малын бағып, аңын аулап, өндіріс кәсібімен шұғылданды. Қазақтардың ру тайпалық құрылымы да өндіріс жұмысымен әскери істерді ұштастырған ұйым болды.  Ел басына соғыс қаупі төнгенде жалпы халық қарулы қимыл жасап отырды, ұрысқа барынша дайындалып, қажетті керек-жарақтарын ала кіреді.

Төлеңгіттер

Қазақ хандығы құрылып, нығайғаннан кейінгі жылдары хандар мен сұлтандар сарайында оларға қызмет ететін арнайы дәрежедегі адамдар тобы пайда болды. Бұл әлеуметтік қауым – төлеңгіттер деп аталды. Олардың атқарған қызметтері өте ауқымды болды. Мысалы, олар хан мен сұлтандардың жеке бастарын қорғады; зекет, соғым және басқа да алым-салықтар жинады; сот биліктерін орындады; хан мен сұлтандар сарайларын қорғады; елшілік қызмет атқарды; сонымен бірге хан әскерінің негізгі бөлігі төлеңгіттерден тұрды.

Тарихшы Левшиннің пікірінше, хан-сұлтандардың жасақтары негізінен төлеңгіттерден тұрған: «…қазақ хандығының қарулы күштерінің біршама тұрақты бөлігі хандар мен сұлтандардың ордасымен бірге көшіп-қонып жүретін, оларға тәуелді төлеңгіттерден жиналған». Сонымен бірге төлеңгіттер атқарған қызметтердің ішінен елшілік қызметті ерекше атауға болады. Мысалы, 1730 жылы Әбілқайыр ханның Кіші жүздің Ресейге өз еркімен қосылуы туралы өтінішін Петербургке алып барған елшілік құрамында Бақбек деген төлеңгіт болған. Сол сияқты Орта жүз ханы Сәмекенің 1732 жылғы осындай мақсатпен Петербургке жіберген елшілігінің құрамында да Қашақ есімді төлеңгіт болған. 1748 жылы Тевкелев Орскіге келген кезде губернатор И.И.Неплюев пен Әбілқайыр ханды келістіру мақсатында жүргізілген келіссөздердің басы-қасында да төлеңгіттер жүрген.

1757 жылы сұлтан Жәнібек Петербург қаласына сапар шеккен кезде орыс үкіметі олардың жолына ақша төлеген. Мысалы, сұлтанға күніне – 50 тиын, старшинаға – 20 тиын, төлеңгіттерге – 10 тиын, тілмаштарға – 5 тиын, ал сарбаздарға 3-ақ тиын төлеген. Осының өзі төлеңгіттердің хан сарайындағы алатын орнын анық көрсетіп береді. Егер қазіргі заман тілімен айтсақ, олар сол заманда мемлекеттік қызметкерлер дәрежесінде болды. Төлеңгіттер енді өздері қызмет ететін хан мен сұлтандардың таңбасын алды. Хандар мен сұлтандардың сарайларында қызмет ететін төлеңгіттердің бұрынғы тегіне (руына) қайтып оралуына құлқы да болмады.

Қазақ хандығы құлаған соң төлеңгіттердің қажеті болмай қалды. Кешегі жасауылбасылар мен мемлекеттік қызметшілердің ұрпақтары енді жекелеген сұлтандардың төңірегінде қызметші-атқосшылар болып қалды. Дегенмен, Кенесары ханның ордасында төлеңгіттер өз статусын сақтап қалды.

Қару қолданудағы ерекшеліктер

Қазақта бес қаруды әр шайқаста тұрақты пайдаланылып отырған. Олар – атуға, кесуге, түйреуге, шабуға және соғуға арналған қарулар. Мұндай қаруларға садақ, қылыш, найза, айбалта және шоқпар жатады. Оның әрқайсысын қазақ батырлары меңгеріп, жанына серік еткен.

Мерген

Көшпелілердің садақ ату шеберлігі отырықшы халықтарды қатты таңдандырған. Ерте замандарда гректер, парсылар балаларын садақ атуды үйрену үшін сақтарға жіберіп отырған. Қытай тарихшылары: «Ғұндардың ойынға жараған баласы садақпен ұсақ аң, құс атып жаттығады», – деп жазады. Араб тарихшылары: «Түркілер садақты атпен шауып келе жатып алға да, артқа да, оңға да, солға да, жоғары да, төмен де ата береді. Араб-харидтер бір оқты садағына салғанша, олар он оқты атып үлгереді. Түркінің 4 көзі бар – екеуі алдында, екеуі артында», – деген мағлұмат береді. Ал солардың ұрпағы қазақ батырлары да «оғын жүзіктің көзінен өткізетін», «құралайды көзге атқан» садақкерлер болған. Оның ішінде Аңырақайда зор ерлік үлгісін көрсеткен ошақты Саурық батыр, жауынан ешқашан тайсалмаған Кейкі батырлар мықты мерген болғаны тарихтан белгілі.

Найзагер

Найза қолданудың да көптеген түрлері, тәсілдері бар. Айталық, «Шаншу» – жоғарыдан төмен найза салу, «түйреу» – найзаны алға қарай сұғу, «Найза тіреу» – қолды қозғалтпай аттың күшін пайдалану және «Найзамен қағып түсіру» – ат үстінде найзамен теке-тірескенде қарсыласының найзасын немесе өзін ат үстінен қағып түсіру. Еуропа рыцарлары өз турнирлерінде, қазақ батырлары жекпе-жекте мұндай тәсілдерді жиі қолданған. Ал жалпылама шайқастарда Олжабай, Наурызбай батырлар қарсыласының денесіне найза тигізбей, киімінен іліп, алып аттан түсіру тәсілін жиі қолданған. Найзаның нағыз маманы Бөгенбай батыр және жауының қолқасына найзасын қадағанда мүлт кетпейтін Қабанбай болған.

Қылыш, шоқпар, айбалта

Қылыш, семсер қолданудың «бауырын жаза шабу», «қиялай тарту», т.б. түрлері бар. Салмағы ауыр шоқпар, гүрзілермен айқасу үлкен күш, әдіс-айланы керек еткен. Ауыр болғандықтан шоқпарды көбіне айналдырып, үйіріп ұрған. Өйткені, шоқпарды жоғарыдан төмен сілтегеннен кейін, қайта көтеру қиын болатын. Айбалтаның ұзын сапты және қысқа сапты түрлері бар. Айбалта ХVІІІ ғасырдан бастап қолданыстан шыққан.