Мен 2016 жылдың мамыр айында «MediaNet» журналистика орталығына келіп, «Ғаламтор сіз үшін» жоабсының екінші деңгейіне өттім. Сосын «Қаржылық сауаттылық» туралы курсқа жазылдым. Енді өзімнің бір жобамды бастауым керек болды да, нені қолға аларымды білмедім. Түрлі мотивациялық кітаптарды, миллионерлердің өмірбаяндарын оқыдым (күліп). Іздендім. Бұрын egov.kz порталы арқылы көп шаруаларды шеуге болатынын білмейтінмін. MediaNet-те барлығына үйретті.

Гүлзара Құсманова
Гүлзара Құсманова, ©Baribar.kz

Бұрыннан бері жеке балабақша ашуды жоспарлап жүргенмін. Қаланың ішінен ашу тиімсіз болды. Себебі мұнда балабақша шаш етектен. Ғимаратты жалға алу да қалтаға ауыр түседі. Сөйтіп қаланың сыртындағы ауыл-аймақтардан ашуға шешім қабылдадым. Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылын таңдап, аудандық білім басқармасына бардым.

Неге бұл жерді таңдадым? Себебі мұнда инфрақұрылым нашар дамыған. Не балабақша, не мектеп, не пошта бөлімі, тіпті жол да жоқ. Қоғамдық автобус та кірмейді. Ата-аналар балаларын көрші ауылдағы балабақшаға көлік жалдап апарып-алып келуге мәжбүр. Мектепке барған балалар көлік болмай қалса, жаяу қайтады. Осы мәселеге байланысты «КТК» арнасын да шақырдық. Ешкімге әсер етіп жатқан жоқ.

Қандай істі бастасаңыз да, ешкімнен қорықпау керек. Таныстарың болған жақсы шығар, бірақ таныссыз да көп нәрсе тындыруға болады екен. Іле аудандық білім басқармасы СЭС, Төтенше жағдайлар қызметіне жіберді. Қажетті құжаттарын жинап бердім.

Гүлзара Құсманова
Гүлзара Құсманова, ©Baribar.kz

Балабақша ашуға алған ғимаратымның іші бос болды, тіпті жылу жүйесі, газ тартылмаған еді. Оны толығымен жабдықтадым. Сөйтіп «Балапан» бағдарламасының аясында Жомарт саяжайынан «Болашақ» деп аталатын балабақша аштым. Ашылғанымыз туралы сол аймақтың әрбір жеріне хабарландыру іліп қойдым. Қазір бір жыл болды. 50 бала бар. Оларды екі топқа бөліп, қараймыз. Құдайға шүкір, еңбектің арқасы шығар, жемісін жеп келемін.

Тәрбиешілерді қалай таңдадым?

Тәрбиешілерді жұмысқа алатыным туралы хабарландыру бердім. Кейбір адамдар «сарафанное радио» арқылы келді. Біз тәрбиеші ретінде тек сол мамандықты бітірген адамдарды ғана жұмысқа аламыз. Бастауыш мектеп мұғалімі бізге жарамайды. Ал тәрбиешінің көмекшісіне балалы, тәжірибелі адамдарды алуға тырысамын. Баласы бар адам өзгенің баласына қол көтермейді деп ойлаймын. Қазіргі кезде 22 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Оның он бірі — педагог, қалғаны — кіші қызметкерлер. Балабақшамыздың барлық жерінде бейне бақылау орнатылған.

Балабақша тәрбиешілері
Балабақшаның тәрбиешілері (кейіпкердің жеке мұрағатынан)

Бізге 1,5 жасар балаларын алып келетіндер көп. Оларды алуға қазір мүмкіндік жоқ. Себебі кішкентай балаларды алу үшін бір тәрбиешіге екі көмекші керек болады. Маған 1,5 жасар балаларды алуға мемлекет тарапынан рұқсат етілмеген.

Балабақша ақысы

Үкіметтің бізбен бекітілген шартына сай балабақшаның ай сайынғы ақысы 22 690 теңгеден (10 АЕК) аспауы керек. Бұл баға ол аймақтың тұрғындары үшін өте қымбат болғандықтан, 15-17 мың теңгенің көлемінде қойдық. Оның үстіне бір үйден екі-үш бала келсе, толық емес отбасылардан шыққан балалар келсе, жеңілдік жасаймыз.

Егер мемлекеттік бағдарлама болмаса, мен балабақша аша алмаушы едім. Себебі түскен қаражаттың барлығы ғимаратты жалға алуға, балалардың тамағына жұмсалады. Мамандарымыздың жалақысын, жазғы еңбек демалысын мемлекет төлейді. Жылына бір рет ойыншық алып береді.

Балабақша
«Болашақ» балабақшасы (кейіпкердің жеке мұрағатынан)

Қазір біздің жанымыздан тағы бір балабақша ашылды. Бірақ оларды бәсекелес санамаймыз. Керісінше, бір-бірімізге көмектесіп отырамыз. Ол аймақта балалар өте көп. Барлығын қамту үшін 500 орындық балабақша керек. Сол себепті тағы бір жеке меншік балабақша ашпақпын. Бүгінгі күні 80 пайызға дайын тұр. Алла қаласа, желтоқсан айында ашыламыз. Ол Береке саяжайында орналасқан. Аталған жақта да жағдай жасалмаған. Оның ғимаратын өзім тұрғыздым. Әуеліде өзімізге деп салып жатқан үйімді балабақшаға айналдырмақпын. Бұл балабақшам да елу орындық болады. Алайда сол жердің басшысы мемлекеттен субсидия алу арқылы 150 орындық балабақша ашуды ұсынып отыр. Балабақша ашылған соң, мектеп салынып, жол жөнделер деп үміттенеміз.

Балабақша ашу үшін…

Балалар
«Болашақ» балабақшасының тәрбиеленушілері (кейіпкердің жеке мұрағатынан)

Балабақша ашу туралы идея туындаса және соны іске асырғыңыз келсе, қолыңызда азын-аулақ қаражат болуы керек. Мен бір миллионға жуық теңгемен бастадым. Аудандық білім басқармасына барыңыз. Ешкімнен қорықпаңыздар. Сізге көмектеспесе, аяғыңыздан шалмайды екен (жымиды). Білім басқармасындағылар сізге қажетті құжаттардың тізімін береді. Сұраған анықтамаларын апарып беріп, кезекке тұрасыз.

Оны бітірген соң, мамандарды іздеген дұрыс. Өзім солай істедім. Қаржыландыру кезегі сізге келгенде, барлық мамандар дайын тұруы керек.

Сұхабаттасқан Әсел Сарқыт