«Сыныптастарым төбелеске жақын болды»

Кішкентай кезімнен спортқа жақын болдым. Күнде жүгіріп, бұзауды тартсам да, күшімді сынап жүретінмін. Алайда ауылда спорт үйірмелері болмады. 6-сыныпта оқып жүргенімде, отбасымызбен Алматы облысы, Ұзынағаш ауданы, Сұраншы батыр ауылынан Алматыға көшіп келдік. Мұнда «Е» сыныбына түстім. Бұл сыныпқа өңкей төбелеске жақын, бұзық, үштікке оқитын балалар жиналған екен. Бірақ күш жағынан салыстырғанда, әлсізі біздің балалар болып шықты. Осы жігерлендірген болуы керек, үш-төрт ұл боксқа қатысып жүр екен. Қызығып, қатарларына қосылдым. Бір жыл бойы жаттығулардан қалмай, қалалық жарыстарға ақырындап шыға бастадым. Бірақ менің үйім жаттығу залынан тым алыста еді. Күнде адамға лық толы автобуспен әрең дегенде жаттығуға келетінмін. Қала шетінен қатынау, әсіресе, қыс мезгілінде қиын болды. Ақыры, боксқа бармайтын болып шештім. Әкеме бұл әрекетім жақпады.

Бақтияр Нүсіпбек
Бақтияр Несіпбек ©Baribar.kz

Біраз уақыт өткен соң, таныс балалардың каратеге қатысып жүргенін білдім. «Көрейін» деп, залдарына бардым. Ештеңе түсінбедім, бәрі айқайлап жаттығу жасап жатты. Бірақ жаттықтырушының шәкірттерімен қарым-қатынасы ұнады. Нұрлан ағайыммен алғашқы таныстығым сол кезде басталды. Залда қалуыма осы кісінің әсері көп болды.

Бақтияр Нүсіпбек, карате
©Baribar.kz

Барлығы нөлден, ақ белбеуден басталды. Бір жыл бойы залда мені ешкім байқамады. Жарыстарға қатысамын, бірақ алатыным ары кетсе 3-орын болатын. Көп жаттығамын, — нәтиже шықпайды. «Неге?» деп өзімді іштей қайрай беретінмін. Алайда, спортты тастау ойыма келмеді. Әкем онсыз да бокстан кеткеніме ренжіген еді. Бір нәрсені мықтап ұғындырды: Ер жігіт бастаған ісін соңына дейін апаруы тиіс.

Жасөспірім шағымның барлығы залда өтті. Алғаш каратеге қатыса бастағанымда, менімен қатарлас 13-14 жастағы балалар көп еді. Қазір олардың бірі де залда жоқ. Спортта адамның шыдам қылып жүруі қиын.

Артық жаттығуды жақсы көретін спортшы

Күніне үш уақыт жаттығу жасаймын. Бірақ бізге белгіленгені: екі мезгілдік жаттығу. Өзіме пайдалы болсын деп, кешкі топқа да қатысамын. Түсте екі сағат, одан кейін кешкі сағат 5-тен түнгі 10-ға дейін жаттығамын. Кейде жалғыз қалатын кездерім болады. Бұл маған ең бірінші сенімділік береді. Егер қарсыласыңнан көп жаттықсаң, сен оны міндетті түрде жеңесің. Еңбек еш кетпейтініне осы күнге дейін көзім жетіп келеді.

Бақтияр Нүсіпбек, карате
©Baribar.kz

Спортшы үшін ең қиыны – психологиялық дайындық. Көпшіліктің алдында күшіңді сынау, өзіңмен тең қарсыласыңды жеңу – оңайға соқпайды. Бұл кезде тек залдағы жаттығулар ғана көмектеспейді.

«Екінші рет адамды ұрмауға өзіме серт бердім»

Колледжде оқыған кезімде біреумен ерегесіп, қиын жағдайға қалғаным бар. Бір баланы ұрып жібергенімде, жағы, тісі сынып кетті. Сөйтсем, бізге адам ұруға болмайды екен ғой (күлді). Өйткені біз қаншама жылдан бері кірпіш, ағаш сындыру тәрізді тамешивари бағдарламасын меңгердік. Енді сондай қолмен адам ұрсаң, не болады? Жігіт болған соң, түрлі жағдайлар орын алып тұрады. Бірақ осы оқиғадан кейін қатты өкініп, екінші рет күшімді бұлай қолданбауға өз-өзіме серт бердім.

Каратеден қоңыр белбеу иегерімін. Қара белбеу иелену үшін катадан білімімді толықтыруым керек. Ката — жекпе-жек үшін емес, көбінесе көшедегі жағдайларда қолданылатын әдіс-тәсілдердің жиынтығы.

Бақтияр Нүсіпбек, карате
©Baribar.kz

«Жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтауға асығамын»

Кейде жарыс кезінде денең өзіңе бағынбай қалатын кездер болады. Қай спортшының болмасын ең басты жауы – жарақат. Адамда өзін-өзі қорғау инстинкті болады. Кейде «қазір аяғымды қайрып алмайын» деген тәрізді ойдан аяғың жүрмей қалады. Сол үшін кез-келген жекпе-жекті тез аяқтап тастағым келеді. Өйткені сен де, қарсыласың да жарақат алмауы керек. Бұл менің қарсыласым деп ойлағаныңмен, ол да – спортшы, оның да армандарының аяқ асты болмауын қалаймын.

Бақтияр Нүсіпбек, карате
©Baribar.kz

Табысы жоқ спорт

Әуесқой спортта қанша жетістікке жетіп, халықаралық жарыстарда, чемпионаттарды ұтып келгеніңмен, бізге ақы төленбейді. Кейде өзімді пайдасыз адам ретінде сезініп кетемін. Тастауға талай оқталғанныммен, әкемнің «бастаған істі аяқта» деген сөзі ешқайда жібермеді. Бұл істің де қайыры бар деп сенемін.

«Бір спортпен ғана шектелгім келмейді»

Джиу-джитсу, каратемен  айналысамын. Соңғы кезде «Alash Pride» командасымен бірге ММА жарыстарына қатысып жүрмін. 14 жасымнан каратеден қара белбеу иесі Нұрлан Керімбаевтың тәрбиесінде болдым. Осы спорт бойынша барлық белестерді бағындырдық деп ойлаймын: талай халықаралық жарыстарды, Әлем, Еуропа чемпионаттарын ұттым. Өз салмағым бойынша Қазақстанның нөмірі бірініші спортышысы деген атақты иелендім. Енді ары қарай даму керек деген мақсатпен, өзім үшін жаңа сала, ММA-ға өттім.

Бақтияр Нүсіпбек, карате
©Baribar.kz

Каратеде 63 келі салмаққа шығамын, джиу-джитсудан 69 келіге, ал ММА-ға соңғы кездері 57 келі салмақпен шығып жүрмін. Өзіңнің сүйікті ісің болғаннан кейін, қиындықтарына төзу қалыпты жағдай деп есептеймін.

Аллаға шүкір, әуесқой спортпен айналысу мен үшін қиын емес. Қызықтың бәрі кәсіпқой спортта тәрізді. Бұл спортқа енді ғана аяқ басып келемін. Бала кезімде Қайрат Ахметов ағаларым тәрізді болғым келетін. Енді осы арманды жүзеге асыратын сәт туған тәрізді.

Миым мен ерік-жігерім бір мақсат үшін жұмыс істейді. Жеңгім келеді. Қиындықты бағындырғым келеді. Сонда ғана отбасыма жақсы жағдайды жасап, оларды қуантатыныма сенемін. Әр жаттығуда, қарсыласыммен бетпе-бет келгенде, осы ой келеді. Көмектеседі.

Бақтияр Нүсіпбек, карате
©Baribar.kz

Алдағы алты-жеті жылда өзімнен үлкен промоушендердің чемпионын көремін. Осы жолда еңбектенемін. Қазіргі уақытта барлық ММА жауынгерінің арманы – UFC-ді ұту. Әзірге қазақтардың арасынан мұндай чемпион шықпады. Мен біраз деңгейге көтерілгенше, алдыңғы буын ағаларымыз бұл биікті бағындырады деген сенімдемін. Ал Бақтияр Несіпбек олардың қатарын толықтырады деген үмітім бар.

Керімбаев Нұрлан Әбдірайымұлы
ҚР Мейбукан годзю-рю карате-до федерациясының президенті, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қара белбеу V дан иегері Керімбаев Нұрлан Әбдірайымұлы, Бақтиярдың жаттықтырушысы.

«Бақтияр – Қазақстанның нөмірі бірінші спортшысы»

Нұрлан Керімбаев: Бақтияр маған 2011 жылы қыркүйек айында келді. Ол кезде ерекшеленген ештеңесі жоқ еді. Ел қатарлы бала болатын. Бір топ балалармен қатар, жаттығуларға қалмай келіп жүрді. Үш жыл өткеннен кейін, жақсы нәтижелер көрсетіп, көзге көріне бастады. 2014 жылы Үндістанда Азия чемпионаты өтетін болды. Бірақ осы жарысқа дайындап отырған баламыз ауырып қалды. Оның орнына Бақтияр баратын болып шешілді. Сол кезде психологиялық тұрғыдан өзін-өзі ұстауы ерекше екенін байқатты. Осы жарыстағы чемпиондығынан кейін, 2015 жылы Польшада жоғары дәрежедегі спортшы екендігін тағы бір дәлелдеді. Қазір өзінің салмағы бойынша Қазақстандағы бірінші нөмірлі спортшы. Әскери самбодан қала чемпионы. ММА, джиу-джитсуға да икемді болуы каратені жақсы меңгергендігінен болып отыр. Себебі бұл спорттарға қажетті күш, тактика каратеде бар.

Нұраддин Садықов, Алаш айбары
Нұраддин Садықов, Бақтиярдың менеджері.

Нұраддин Садықов: Бақтиярмен бірге жаттығып жатқанымызға бірнеше жыл болды. Соңғы кездері аралас жекпе-жектен де жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Жақында ғана келсе де, үш жарысқа қатысып үлгерді. Үшеуінде де мерзімінен бұрын жеңіске жетті. «Alash Pride» промоутерлік компаниясының жақында ғана Алматы аренада өткізген турнирінде қарсыласын 34 секундта нокаутқа жіберді. Осыған қарап-ақ болашағынан үміт күттіретін спортшы екендігін аңғартты. Бақтиярды келер жылға дейін АҚШ-та өтетін оқу-жаттығу жиындарына апару жоспарымызда бар. Барып жатсақ, біраз уақыт сонда жаттығады. Ring of combat, King of cage Titan тәрізді промоушендарда бағын сынатсақ деп отырмыз. Алдағы үш-төрт жылда UFC-ге шығарсақ деген жоспарымыз бар. Қазіргі уақытта құқықтық-құжаттық, медициналық тексерулерден өтуді бастадық.

Бақтиярдың үлкен артықшылығы – жеке бапкері бар. Нұрлан Керімбаев өз саласы бойынша әлемдегі үздік жаттықтырушылардың қатарында. Былтыр Бүкіләлемдік  годзю-рю карате-до федерациясы үздік бапкерлерін марапаттады. Бұл құрмет әлемнен тек төрт адамға беріледі. Солардың қатарында ұстазымыз Нұрлан Керімбаев екеуіміз аталдық. Бақтиярдың ішкі тіні өте мықты. Бастысы, нағыз спортшыға қажетті тәртібі бар бала. Сол себепті де споршымыздың жұлдызы жарық, мансабы биік болады деген сенімдеміз.

Сұхбаттасқан және фото авторы Ақжарқын Қыдырханова.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.