Батыс Қазақстанда білім бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асып жатыр

Күні бүгінге дейін Бөрлі ауданында 140 орындық балабақша, Шыңғырлау ауданынында 290 орындық балабақша, Зеленов ауданының Озерное ауылында 48 орындық мектеп, Қазталов ауданында 100 орындық мектеп маңындағы интернат, Оралда Жастар, Оқушылар сарайы салынды.

2016 жылы 5 білім нысанының құрылысы басталып, кейбірі күні бүгін пайдалануға берілді. Олардың ішінде: Бөрлі ауданының Аралтал ауылында 300 орындық мектеп, Орал қаласы Зашаған кентінің Сарытау шағын ауданында 900 орындық мектеп, Орал қаласының Деркөл ауылында 600 орындық мектеп, Бөрлі ауданының Ақсай қаласында 320 орындық балабақша бар.

Сонымен қатар 72 білім беру объектісі күрделі жөндеуді қажет етеді, оның ішінде 42 мектеп, 19 балабақша, 3 мектептен тыс орталықтар, 8 колледждер. Күрделі жөндеуді қажет ететін 27 объектіде жобалық-сметалық құжаттама жасақталды.

Айта кетейік, биыл Батыс Қазақстан облысында 12 білім беру нысанына 1 241,0 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілсе, 10 оқу ордасы жаңадан салынып жатыр. Олардың төртеуі аудандарда орналасқан мектептер.

Сондай-ақ, жаңа оқу жылы қарсаңында Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданындағы қос мектепте агросыныптар ашылған болатын. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті мен аудан әкімдігі қол қойған меморандум таяуда жүзеге асты.

Нақты айтқанда «Ауыл шаруашылық мамандығына кіріспе» факультативтік курсы оқытыла бастады. Аудан басшысы С.Әлиев мектеп оқушыларын жаңа жетекшілерімен таныстырып, істеріне сабақтарына сәттілік тіледі.

Аудандағы С.Жақсығұлов және Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептердің базасында өтетін сабақтар 8-9 сыныптардың шәкірттеріне арналған. Осы орайда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетімен келісімшарт жасалды. Сабақтардың алғашқы бөлігі ауыл шаруашылығы саласының маманы, аталмыш университеттің аға оқытушысы, ветеринария ғылымдарының кандидаты Бекжасар Сидиховтың жетекшілігімен өтуде. Алдағы уақытта аграрлық мамандықтарға кіріспе, ауыл шаруашылық механизациясы модульдері бойынша сабақтар жүргізу жоспарланған.