Ақмола жұртшылығы латын жазуына көшуді қолдап отыр

Шараға республикалық, жергілікті жердегі ғылыми және шығармашылық интеллегенция, этномәдени және қоғамдық бірлестіктер өкілдері, депутаттар корпусы және жастардан құралған 400 астам адам қатысты.

Алғашқы болып сөз сөйлеген аймақ басшысы Мәлік Мырзалин ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген латын әліпбиіне көшу туралы  маңызды тапсырмаға тоқталды.

«Осы жүктеліп отырған жауапкершілікті сезіне отырып, баршамызға ортақ іс, яғни, латын графикасына көшуді жүзеге асыру жолында сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды білу үшін жиналып отырмыз»,- деді Мәлік Мырзалин.

Форумда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих ғылымдарының докторы Марал Хабдулина, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филилология ғылымдарының докторы Белгібай Шалабаев, Ольга Анищенко, педагогика ғылымдарының кандидаты Нелли Жұмағұлова, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі Наталья Дементьева, Филология ғылымдарының кандидаты, Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат жəне жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұлдың пікірлері тыңдалды.

«Қоғамдық сананы жаңғыртуда ұлттың рухани жағынан дамуы үшін осындай қадамға бару ауадай қажет.  Қазақстанның ширек ғасырда жеткен жетістіктерін ескерсек, біздер бұл асуды да қиналмай алатынымыз күмәнсіз», деді Ғосман Төлеғұл.

Жалпы, формуға қатысушылардың латын жазуына қатысты ой пікірлері бір жерден шықты.

«Латын әліпбиіне ауысу бұл Қазақстанның  дүниежүзі қауымдастығына жақындай түсетінін білдіреді. Дүниежүзі елдерінің көбі осы латын жазуын қолданады. Келешек ұрпақ латын жазуымен қазақ тілін оқи отыра, ағылшын тілін де тез меңгеріп кетеді. Шетелдіктерге де қазақ тілі мен әліпбиін меңгеруге жеңіл болатыны сөзсіз. Бұл қазақстанның ғаламдық ақпараттық кеңістігіндегі үдерісі, біздің барлық сандық ресурстар мен мәдени мұрамыз латын әліпбиін қолданатын елдер мен халықтарға қолжетімді болар еді», деп көрсетілген Ақмола жұртшылығының үндеуінде.