Астанаға Сирия делегациясы келді

«Делегацияға БҰҰ жанындағы Сирияның тұрақты өкілі Башар Джафари басшылық жасайды. Келіссөз жүргізу ертеңгі күнге жоспарланған. Оған сириялық қарулы оппозицияның да қатысатындығы күтілуде», — деді Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен.

Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі Астана процесінің кепілгер елдерінің сарапшылық консультациясы бүгін өтеді. Ал Астана процесі аясында Сирия мәселесі бойынша кезекті кездесу 14-15 қыркүйек күндері  болады. Бұл жолғы кездесуде деэскалацияны бақылау күштерінің әрекетін реттейтін бірқатар құжаттар қаралады.

Кездесуге қатысушылар Идлиб, Хомс және Шығыс Гуттегі деэскалациялық аймақтардың картасын жасамақ. Координациялық орталық, тұтқындарды босатумен айналысатын жұмыс тобы, қайтыс болғандардың денесін алмасу туралы жобалар қаралмақ.

Мұнан бөлек, тараптар Сириядағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне кірген тарихи ескерткіштерді минадан тазарту жөнінде екіжақты үндеу жариялайды деп күтілуде.