Астанада қазақша күрестен әлем чемпионаты басталды

«Әлем барысына» 38 елден 42 балуан қатысады. Жеңімпаз 15 миллион теңге мен чемпионның алтын белбеуіне ие болады. 

Айтулы додаға еліміздің атынан бес балуан қатысып жатыр. Олар: әлемнің төрт дүркін чемпионы, «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров, «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиев, Айбат Сейтен мен Дәурен Нұралинов.

Чемпионаттың алғашқы белдесуінде Еламан Ерғалиев камерундық Долессен Диадонды еш қиындықсыз жеңді.

Қазақша күрестен алғашқы «Әлем барысы» халықаралық турнирі 2014 жылы Павлодар қаласында өтті. Оған Олимпиада мен Әлем чемпионы Лукаш Крпалек, самбодан әлем чемпионы армениялық Гарибян Арутюн, дзюдодан әлем чемпионатының жеңімпазы Раймунд Гирдц, израильдік Грегори Рудельсон, ирандық Мухаммад Теймоури Сарах сынды танымал балуандар қатысты.

Алғашқы «Әлем барысында» бас жүлде әлем чемпионаттарының жеңімпазы, дзюдодан Олимпиада жүлдегері кубалық балуан Оскар Брайансқа бұйырған еді. Ал екінші орынды отандасымыз Айбек Нұғымаров еншілесе, үшінші орын ресейлік Максим Ширяевке берілді.

Биылғы фавориттердің қатарында жаңазелендиялық Чико Реремоан Пембертон бар. 28 жасар балуанның салмағы — 175 килограмм. Бұл — биылғы турнирдегі ең ауыр салмақ.