ЭКСПО-ның жабылу салтанатында қандай шаралар өтеді?

Жабылу салтанаты аясында өтетін барлық іс-шаралардың тізімі төмендегідей:

  • Іс-шараның ресми бөлімі Конгресс орталығы ғимаратында өтеді. Ал Амфитеатр сахнасынан сағат 20:00-ден 20:50-ге дейін трансляция жүргізіледі.
  • 10 қыркүйекте көрме штатты режимде жұмыс істейді, барлық павильон қонақтарды 09:30-дан 20:00-ге дейін қабылдайды. Көрмеге кіру аумағы алдындағы ресми билет кассалары 09:00-ден 18:30-ға дейін және 22:00-ден 00:30-ға дейін ашық болады. Ал, 19:00-ден 22:00-ге дейінгі уақыт аралығында көрменің барлық кіреберісі жабылады. Оңтүстік және батыс кіреберістері сағат 22:00-ден бастап қайта ашылады және қонақтарды 01:00-ге дейін қабылдайды.
  • Павильондар атриумы 22:00-де ашылып, 02:30-ға дейін жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында халықаралық павильондар өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынады. Көрме кешені аумағындағы мейрамханалар мен тамақтану орталықтары кешкі 22:00-ден түнгі 02:30-ға дейін жұмысын жалғастырады.
  • Концерттік бағдарлама сағат 18:00-ден 20:00-ге және 21:00-ден 23:10-ға дейін Амфитеатр сахнасында өтеді. Концертті «ЭКСПО-2017» көрмесіне кіру билеті арқылы тамашалай аласыз. Көрменің жабылу салтанатына арналған салют сағат 21:15-те басталады.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі осы жылдың 10 маусымында басталған болатын. «Болашақ энергиясы» тақырыбын арқау еткен көрме энергетика саласының қазіргі кездегі жаһандық мәселелерін қамтыды. Көрмеге баламалы энергия көздері саласындағы жаңа технологияларды ұсынған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысуда.