ЭКСПО аумағында Халықаралық IT-стартаптар технопаркі ашылады

«Үкіметке ЭКСПО-2017 нысандарының бірінде Халықаралық IT-стартаптар технопаркін құру туралы тапсырма беріп отырмын. Ол бүкіл әлемнен кәсіпкерлер мен инвесторларды тартатын платформаға айналуы тиіс», — деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазіргі уақытта осы саладағы инновациялар дамуының жергілікті анклавы ретінде IT-парк құру идеясы әлем бойынша кеңінен тараған үрдіс болып саналады. Атап айтар болсақ, Калифорниядағы «Силикон алқабы», Дания мен Швециядағы «Медикон алқабы», Ұлыбританиядағы Кембридж ғылыми паркі, Ресейдегі Сколково, сондай-ақ Белоруссиядағы Жоғары тенологиялар паркі осыған мысал болмақ.

Қазақстанда IT-орталықтың ашылуы отандық ғалымдар, зерттеушілер мен кәсіпкерлердің шығармашылық әлеуетінің дамуына жағдай жасамақ. Сонымен қатар едәуір мультипликативтік әсер бермек. Осы арқылы қарапайым қазақстандықтар IT өнімдері арқасында ақша табудың мүмкіндігіне ие болады. Еңбек нарығы да өзгермек: білікті жұмысшыларға сұраныс артады. Жаңа технологиялар – бұл шағын және орта бизнестің жаңа түрлері, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары.

ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің қазіргі аумағы әлем қоғамдастығының түсінігінде болашақ технологиялармен байланыстырылатындықтан, дәл осы алаң қазақстандық инновациялық орталықтың «альма матеріне» айналады.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов хабарлағандай, Корпоративтік павильонның алаңы қажетті инфрақұрылымға ие. Басқарма төрағасының айтуынша, қазақстандық стартапперлерге технологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін ең үздік жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) жақын орналасуының арқасында тікелей шетелдік инвестициялар түсімі және сол маңда орналасқан Nazarbaeff University арқасында кадрлар ағыны қамтамасыз етілмек.