Ақмола облысында броконьерлермен күрес күшейтілді

Қопа көлінің жағалауын бойлай қамыс биік өседі. Бұл заңсыз балық аулаушылардың бой тасалауына ыңғайлы. Алайда, табиғатты қорғау инспекциясы қызметкерлері көл жағалауын түгел сүзіп шықпақ.

Сәтін салса балықшы бір аумен 50-100 кг-ға дейін олжалы болуы мүмкін.  Табиғи ортаға ірі көлемде зиян келтірушілер балықты дәл осы тәсілмен аулайды. Әсіресе, синтетикалық аулардың зияны орасан. Ол суда шірімейді, әрі жылдар бойы талай балықты шырмап, ихтиафаунаға нұқсан келтіреді. Мұндай келеңсіздің алдын алу үшін мамандар аптасына екі үш рет осы тәрізді рейдке шығып, көл жағалауын сүзіп шығады.

Мынадай ау құру орындарын белгілеген пластик торсықтар — заңсыз балық аулаушылардан қалған із.  Мамандар қазір браконьерлер саны 10 шақты жыл бұрынғымен салыстырғанда еселеп азайғанын айтады. Оған заңнамалық шектеулермен алдын-алу жұмыстары негіз болса керек.

Шүрегейі мен шағаласы шулаған көл бетіндегі таңғы көрініс табиғаттың тылсым болмысын танытқандай. Бұл маңға брокенерлер мен табиғатты қорғау инспекторларынан басқа адам баласы сирек келеді. Су айдынын толық аралап шығуға 3 сағат уақыт кетті. Бір қуантарлығы ілгегімізге ешбір ау ілікпеді. Судың да сұрауы бар десек, жүгенсіздікпен балық аулаушыларды жолға салмай болмас. Бұл істе табиғат қорғаушылары әрқашан қырағы.