Ақмола облысында 6 млн тонна астық сақталмақ

Ауа райының кейбір қолайсыздықтарына қарамастан, жергілікті шаруалар жақсы өнім күтуде. Фермерлердің айтуынша, орақ науқанына қажетті техника 100 пайыз дайын тұр.

Жақсы ауданының орталық ауруханасының терапевтік және хирургиялық бөлімдері өткен жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткен болатын, ал биыл жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа медициналық құрал-жабдықтар сатып алынбақ. Одан әрі облыс әкімі жас дарынды спортшыларға қолдау көрсетілетін Тұрсынбек Уәлиев атындағы спорт мектебінде болып қайтты. Сонымен қатар өңір басшысы «Урожай» серіктестігінде жаңа жобалардың орындалу барысымен танысты. Айта кету керек, бұл жерде 60 мың тонна көлеміндегі дәнді дақылдарды сақтап, тазалап, құрғататын элеватор, диірмен, дайын өнім қоймасы, жарма және макарон өнімдерін шығаратын зауыттың құрылыстары қарқынды жүріп жатыр.

«AgroComplexExpert» кәсіпорнындағы астықтың сапасына сараптама жүргізетін зертхана – 2010 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асқан алғашқы жобалардың бірі. Зертханаға жуық арада тұқымның сапасын зерттеуге арналған арнайы құрал-жабдықтар қойылмақ.

Есіл ауданында өңір басшысы өткен жылдың наурыз айында басталған орталық жылу қазандығының құрылысы барысымен танысып қайтты. Аталмыш нысанды келер жылдың күзіне қарай пайдалануға беру жоспарланып отыр. 6,9 миллиард теңгені құрайтын жоба аудан орталығындағы тұрғын алабының 85 пайызын сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етпек.

Одан кейін Мәлік Мырзалин аудан орталығындағы «А*Star»жаңа қонақ үй-мейрамхана кешенінде, аудандық аурухана, Мәдениет үйі мен агротехникалық колледжінде болып қайты. Аталмыш оқу орнында студенттер теориялық біліммен қатар, 40-қа жуық кәсіпорында тәжірибеден өтеді. Есіл ауданының бизнес-қоғамдастығы «Туған жер» бағдарламасын белсенді қолдап, бүгінде аудандағы екі бірдей серіктестік өздерінің қызмткерлері тұратын елдімекендерді әлеуметтік қолдау туралы облыс әкімімен меморандумға қол қойды.

Жарқайың ауданында өңір басшысы өткен жылы пайдалануға берілген 70 орынға шақталған емханамен біріктірілген ауруханада, күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан 1500 орындық «Жастар» стадионында болып, екі нан қабылдайтын бекеттердің құрылысы барысымен танысып қайтты. Мәлік Мырзалиннің айтуынша, сыйымдылығы 100 мың тоннаны құрайтын тағы 4 астық қоймасын пайдалануға беру, қосымша 6 миллион тоннаға дейінгі астықты сақтауға мүмкіндік бермек.

Еске сала кетейік, Ақмола облысы бойынша өткен жылы 1,2 миллион тонна астық экспортқа шығарылды. Бұл туралы Ақмола облысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің агроөнеркәсіптік кеңесінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан хабарлаған болатын.