Бурабай ауданында «Балдәурен» орталығының жиыны өтті

Шараның басты мақсаты балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттай отырып, жалпы білім беретін мектеп оқушыларына құтқарушы мамандығы туралы кәсіби бағдар беру. Сондай-ақ төтенше жағдайлар бойынша мекемелер мен білім беру ұйымдары органдарының бірлескен жұмысын жетілдіру.

«Балдәурен» орталығында ұйымдастырылған жас туристер мен құтқарушылар жиынына еліміздің барлық аймағынан балалар шақырылған. Ауысым аяқталғанша оларға төтенше жағдайларда жұмылдырылатын арнайы техникалардың қызметі таныстырылмақ. Сөйтіп оқушыларға шұғыл жағдайларда өзін өзі ұстау мен іс жүзіндегі дағылар үйретілмек.

Жиын оқушылардың бойында жеке басының және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне саналы түрде әрі жауапкершілікпен қарау қасиеттерін қалыптастыруға негізделген. Көптеген сайыстар мен байқауларға белсене атсалысқан балалар бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздарымен марапатталатын болады.