Бурабайда туристерге арналған ақпараттық орталық ашылды

Қысы-жазы бұл мекеннен туристер үзілмейді. Жер жауһары шет елдік қонақтардың барлығының қызығушылығын тудырады. Дегенмен, алдымызда өңірдің туристік нысандарын халықаралық стандартқа сай етіп, туристік индустрияны дамыту міндеті тұр. Ол үшін туристік нысандарды кеңінен насихаттап, шет елдік қонақтарды көбірек тартуға жұмыс істеу қажет. Туристік ақпараттық орталықтағы ашудағы басты мақсат – осы.

Ақпараттық орталық шілде айынан бастап жұмыс істей бастады. Мамандар облыстағы туризм нысандарының кеңейтілген базасын әзірледі. Ол алдағы уақытта сайттың іздеу дереккөзіне енгізілетін болады. Сондай-ақ, қазір ұялы телефонға арналған құрылғы әзірленуде. Онда тынығуға болатын демалыс орындарының тізбесі көрсетіледі. Одан бөлек, адамдар көп келетін вокзал және әуежай ғимараттарына ақпараттық дүңгіршектер де орнатылмақ. Сол арқылы демалуға келген туристер тынығу орындарын таңдай алады.

Туристер өздеріне қажетті ақпараттарды орталықтың мамандарына хабарласып, біле алады. Бұл жерде қазір 9 маман белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеуде. Атап өтетіні, бұл орталықтан туристер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін ақпарат ала алады.