Қасиетті аят, хадистермен мәндес қазақтың мақал-мәтелдері

Ұлағаты мен тағлымы сан ғасырдан бері қазақтың руханияты үшін қызмет етіп келе жатқан мақал-мәтелдердің мән-мағынасына терең бойласақ, Қасиетті Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерімен үндес екенін байқауға болады.

Хадис, мақал
©Baribar.kz

Сан ғасырлардан бері иелігіндегі жерін жау қолына бермей, әлемде жерінің кеңдігімен ерекшеленетін мемлекетті ұрпағына аманаттап кеткен текті халық Отанды қорғауды борышым деп білді. Барлық құндылықтардың шыңына осы ұғымды қояған қазақ ұлты «Отанды сүю — иманнан» деп те бекер айтпаған болар.

Құран, мақал, терроризм
©Baribar.kz

Алла Тағала Қасиетті Кітабында ескерткеніндей, бүлікшінің дәрежесі тым төменде. Бұл да қазақ ұғымындағы бірнеше нақыл, мақал-мәтелдермен үндеседі. Жаулардың ең жаманын ішкі жау деп білген қазақ ұлты «Бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау жейді» деп, халық арасында бүлікшінің орнын нұсқайды.

Құран, мақал, қайырф
©Baribar.kz

Шындығында кей адамдарға берілген қиындық оған жақсылық болуы мүмкін, ал кей жақсылықтың зиянды болуы — өмірде жиі кездесіп жататын құбылыстың бірі.

Құран, мақал
©Baribar.kz

«Мұсылманшылық әсте-әсте», «Отыз күн оразаның бір айты бар, Әр қылған жақсылықтың бір қайты бар», «Біссімілламен кескен бармақ ауырмас» деген тәрізді тарихы тереңнен тамыр тартқан қазақ нақылдары ұлттың ежелден иманды халық болғандығын көрсетеді.

Құран, мақал, ата ана
©Baribar.kz

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деп Ақтайлақ би шешен айтқандай, бала ата-ананың қадір-қасиетіне уақытысында жете бермейді. Осыған қатысты Құран аяттары мен қазақ нақылы ата-анаға ерекше құрметпен, кішіпейілділікпен қарай білу керек екендігін қатаң ескертеді.

Құран, хадис, өмір
©Baribar.kz-

«Жұма» сүресінің 8-аятында Алла Тағала: «Расында сендер қашқан өлім; әрине ол, сендерге кездеседі», — дейді. Ал Ислам ғұламалары өлімнен кейінгі өмірге сенетін адамдар, нәпсісін тыйып, қиындыққа тап болмас үшін, жақсы сауапты істер жасауға ынталы болатындығын айтады. Өлімді еске алудың да артықшылықтары бар екендігін білген қазақ халқы «Өтпейтін өмір жоқ, Сынбайтын темір жоқ», «Ажал ажарға қарамайды», «Өлімнен басқаның бәріне асық» деп өткінші өмірге шариғи көзқараспен қарай білген.

Құран, хадис, сабыр
©Baribar.kz

«Сабыр» сөзі қазақ тіліне араб тілінен енген. Кез келген сәтте адам баласына жәрдемші болатын көркем мінез жайлы қазақ халқы «Өлімге де сабыр жолдас» деп бекер айтпаса керек.  Бұл сөздердің де Құран аяттарымен мәндес екендігін анық байқауға болады.

Құран, мақал, байлық
©Baribar.kz

Қазақ тіліндегі «пақыр», «міскін» сөздері де араб тілінен енген. Халық ұғымында байлық пен кедейліктің өткінші, «қолдың кірі» екендігі айтылады. Алайда кедейлікке сабыр етуді, еңбектенуді құп көрген халық Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «Беруші қол алушы қолдан артық» деген хадисінен де ғибрат алса керек.

Құран, мақал, еңбек
©Baribar.kz

Қазақ мақалдарының көпшілігі еңбек тақырыбына арналған. Ұлы ақын Абай атамыз: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың», – деп айтқан еді. Бұл нақылдың да «Адамның жақсысы – адамдарға пайда тигізетіні» деген Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисімен мағыналас екенін байқауға болады.

Халық аузында жүрген мақал-мәтел, нақыл сөздердің үндестігін Құран аяттарынан, Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінен көптеп кезіктіруге болады. Бұл қазақ халқының ертеден иманды халық болғандығын көрсетеді. Қазіргі күнге дейін маңыздылығы жойылмаған қазақ мақалдары тура жолды ұстануда халыққа әрдайым жолбасшы болатындығы анық.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Суреттер pixabay.com сайтынан алынды.