Алматыда он жетінші велошеру өтеді

3 қыркүйекте  Алматы қаласында «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында Білім күніне арналған велошеру өтеді.

Таңғы сағат  08:30-да велошеру  әуесқойлары «Нұрлы Тау» бизнес орталығы маңында жиналып, ұйымдастырушылардан бағалы сыйлықтар ойнатылатын лотореяның  нөмірлерін  алып, одан кейін 11 шақырым қашықтықты бағындыру үшін жолға шығады.

Қатысушылар велошеруді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  алаңында аяқтайды.  Мәреде  әуесқойлар  арасында бағалы сыйлықтар мен велосипед ойнатылатын болады. Сонымен қатар, велошабандоздар сол жерде болатын футболдан аула командалары арасында  өтетін  лигада бақ сынауға  мүмкіндік алады.

Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы қатысушыларға арнайы бас киімсіз (шлемсіз) қатысуға тыйым салынатындығың ескертеді.

Айта кетер жайт, осы велошеру «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының қолдауымен 2017-ші жылы жоспарланған 21 велошерудің он жетіншісі болып саналады.

«Спорттық Алматы»  жобасы алып шаһардағы  бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.