Дәурен Абаев “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” фильмінің түсірілімімен танысты

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев телехикаяның түсірілімімен  танысты. Аталмыш фильм “Qazaqstan” ұлттық арнасының тапсырысы бойынша түсіріліп жатыр. Телехикаяны Shine Production компаниясы қолға алған. Продюсері – Баян Мақсатқызы, режиссері – Дархан Саркенов.

Белгілі продюсер Баян Мақсатқызының компаниясы осы жылдың мамырынан бастап телехикаяның түсіріліміне кіріскен. Бүгінде жобаның түсірілім аяқталып, пост-продакшн кезеңінде.

Фильмнің түсірілім барысы туралы Баян Мақсатқызы айтып берді.

Баян Есентаева
©Baribar.kz

“Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” фильмі менің шығармашылығымдағы ең күрделі жоба болды. Түсірілім барысында көп уайымдадық. Себебі, тарихи сәтті бейнелеу өте қиын. Дегенмен, жақсы етіп дайындау үшін қатты тырыстық. Қазақтардың cол ғасырда қалай киінгенін, сөйлегенін білмедік. Сол себепті, көркемдік бөлімде қиналдық. Түсірілім тобында үздік актерлардың командасын жинақтадық. Кинодағы Қозы Көрпештің рөлін “Алау” тобының әншісі Ержан Мұқатаев сомдайды. Ал Баян Сұлудың рөлін Гүлзада Тұрлаш ойнайды. Бұл – оның екінші рөлі. Оған дейін мен түсірген “Қазақ аруы” фильміндегі басты кейіпкерді сомдады”, – деді ол.

Баян Мақсатқызының айтуынша, фильмнің саундтрегін “КешYOU” тобы орындайды.

Қозы Көрпеш Баян сұлу

“Түсірілім кезінде 30 киіз үй құрдық. Барлығы 200 адам болдық. Жарық, газ, сусыз жерде түсірдік. Қаланың адамдары болғаннан кейін мұның бәрі біз үшін қиын болды. Шынын айтсақ, тіпті етті шикілей жедік. Өйткені, йодты суда ет көп қайнайды екен. Біз оны білмедік. Ет суда 3 сағат қайнағанның өзінде резинка сияқты болды. Оны кәдімгі қаланың суында қайнату керек екен. Кейін білдік. Киноның саундтрегін композитор Арман Дүйсенов жазды. Жақын арада “КешYOU” тобының орындауында тыңдай аласыздар. Ал кино қашан жарық көретінін мен білмеймін. Бұл – мемлекеттің тапсырысы. Алты бөлімнен тұратын телехикаяның әр бөлімінің ұзақтығы 42 минут. Монтаждау жұмыстары ойдағыдай аяқталса су жаңа телехикая «Қазақстан» ұлттық арнасының жаңа маусымында көрерменімен қауышатын болады”, – деді ол.

Shine Production компаниясының атқарушы продюсері Ғалия Байбосынова фильмнің басқа туындылардан ерекшелігі жайлы айтып берді.

Ғалия Байбосынова

“Қазақ телевизиясында бұрын тарихи хикая экранға сериал ретінде түсірілмеді. Осынысымен бұл кино ерекше болмақ. Фильм Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Асты үстіртіндегі бос жайлауда, су, жарық жоқ жерде түсірілді. Түсірілімде қызықты сәттер көп болды. Ауылды өзіміз салдық, тек қана біз тұрдық. Бұлақтан су іштік, соған жуындық. Тамақ ішу графигіміз сәл-сәл ауытқыды. 200 адамды тамақтандыру оңай болмады. Өйткені, су йодталған болып шықты. Адамдарға, денсаулыққа пайдалы болғанымен біз оны қалай қолдану керек екенін білмейміз. Йодталған суда картоп, ет піспей қояды екен. Оның бабын үш күнде үйрендік”, – Ғалия Байбосынова.

Ол басты рөлдегі Баян Сұлудың рөліне неліктен Гүлзада Тұрлаш таңдалғанын айтып берді.

“Кино 6 сериядан тұрады. Түсірілім тобымен арамызда бұл сериалды телехикая деп атамаймыз. Жүректен шыққан жұмысымыз болғандықтан, біз үшін көпсериалды көркем фильм. Бірақ, формат бойынша телехикая деп аталады. Басты рөлді сомдайтын актерларға 2 айдай кастинг болды. Екі кейіпкердің де эпостағы жас мөлшері 16-17 жас болды. Қазір мұндай жастағы кәсіби актерлар жоқ. Неге Баянның рөліне Гүлзада Тұрлаш таңдалды?   Кастингтен өткен 3 қыз баланың ішінде каскадерлікті тез меңгерген Гүлзада болды”, – деді Ғалия Байбосынова.

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев аталмыш телехикаяның жыл соңына дейін дайын болатынына сенім білдірді.