Басты бетЖаңалықтарАлматыдағы "Нұр-Мүбарак"...

Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университетіне бөлінген грант саны артты

Докторантура бойынша дінтану саласына — 5, исламтану саласына — 4, ал магистратуралық бөлімге екі сала бойынша да бес білім грантынан 10 грант. Осылайша, биыл магистратура мен докторантура бөліміне 19 мемлекеттік білім грант иелері қосылды.

Магистратураға ғылым саласына енді аяқ басқан жас толқын өкілдері бұл сынаққа аса ыждаһаттылықпен дайындалғанын айтады. Тіпті бірнеше жыл қатарынан тапсырып тауы шағылса да биыл нәтижесін көргеніне төбелері көкке бір елі жетпей қалғандары да бар.

Ал докторантура бөліміне дін саласында жүрген белгілі азаматтар Ғылымбек Мәжиев, Ризабек Батталұлы, Бауыржан Әлиұлы, Мұратхан Махмет, Нұржан Стамбакиев, Юлдаш Бердімұратов, Салтанат Қағазбекова, Асылбек Сарсенбаев, Бауыржан Шайзан мырзалар бар.

Айта кетейік, білім грант иелері арасында Мысырдағы «әл-Азһар» университетінің түлектері де бар.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бүгінде тарихымызды түгендеп, ұлттық құндылықтарымыз бен рухани саланы күшейтуге негіз болғаны рас. Қазақстанның рухани жаңғыруына білікті мамандар даярлаумен үлес қосып келе жатқан «Нұр-Мүбарак» университетіндегі жаңа мүмкіндіктер еліміздегі шынайы рухани жаңғыруға жол бастары сөзсіз.