ҚМДБ шетелде келісімсіз діни білім алып келген азаматтарды жұмысқа қабылдамайды

Енді шетелде діни білім алуға шектеу қойылуы мүмкін. Жаңа діни қызмет туралы заңнама жобасына осындай ереже енгізу ұсынылмақ.

Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің кеңесшісі Бақытжан Құлекеев мәлімдеді. Оның айтуынша, кешегі Мысырдағы жоғалған студенттердің жағдайы бұған себеп болып отыр.

«Мысырдағы жоғалып-табылған студенттер оқиғасын алсақ, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев шетелдік оқу орындарына жастарымыздың бақылаусыз шығып кету мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Шетелге діни білім алу мақсатында барған жастарымыз радикалды діни ағымдар идеологтарының ықпалына түседі. Бұл қазақстандықтардың шетелдегі діни оқу орындарына баруы реттелмегендіктен болып отыр», — дейді Бақытжан Құлекеев.

Сондай-ақ, бұдан былай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шетелде келісімсіз білім алып келген азаматтар жұмысқа қабылданбайды. Елімізде діни қызмет туралы заңнама жобасы әзірленуде. Осыған байланысты шетелде теологиялық білім алуды реттейтін ереже ұсынылмақ.

Бақытжан Құлекеев
©24.kz

«Бірнеше нұсқа бар. Олардың бірі Қазақстанда бакалавриат деңгейінде жоғарғы діни білім алғаннан кейін және тіркелген діни бірлестіктердің жолдамалары бойынша ғана шетел мемлекеттерінде рухани (діни) білім алуды қарастырады. Егер діни бірлестікте Қазақстан аумағында тиісті білім беретін мекеме болмаған жағдайда ғана оқыту қарастырылуы мүмкін», — дейді Бақытжан Құлекеев.

Осындай жағдайдан соң министрлік ата-аналарға балаларын еліміздегі оқу орындарында оқытуға кеңес берді.

«Мысыр мемлекетіндегі ахуал бүгінгі таңда күрделі екендігін түсіну қажет. Өзімізде оқу орындары жеткілікті. Мысалы, Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университеті мен елімізде медреселер жүйесі бар. Сондай-ақ, неліктен тиісті мамандық алып, болашақта табыс көзін таба алатын басқа да білім алуды ойламасқа?! Ал өзге мемлекеттерде радикалды ағымдардың жақтаушысы болмасаңыз да, марказ деп аталатын күмәнді оқу орталықтарында, діни немесе тілдік курстарда оқитын болсаңыз, жергілікті арнайы органдар мен полицияның назарына дереу ілігесіз», — деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің кеңесшісі Бақытжан Құлекеев.

Дереккөзsputniknews.kz