Қызылордада күріш орағы басталды

Күріш ору науқаны Иіркөл ауылдық округіне қарасты «Алтын Дән — Шиелі» шаруа қожалығының алқабынан басталды. Сыр елі бұл шараны үлкен салтанатпен атап өтті.

Ыбырай Жақаев ауылындағы «Алтын Дән — Шиелі» шаруа қожалығындағы жас маман Асқар Бердібаев ауылдағы бірнеше ұсақ шаруашылықтың басын біріктірген. Нәтижесінде былтыр аудан «чемпионы» атанды. Аталған шаруа қожалығы биыл 1230 гектар жерге егін ексе, оның 900 гектары — күріш.

«Күріш егілген әр гектардан 60 центнер өнім алуға мүмкіндік бар», -дейді шаруашылық басшысы.

Шиелі ауданы биыл 30 мың гектар егін ексе, оның 13352 гектарына күріш егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 мың гектарға артық.

«Елбасы тапсырмасына орай жаңа саға басынан үрлемелі су қоймасы орналастырылды. Мемлекет қаржысына салынған маңызды нысан өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Мәселен, дарияда су көлемі азайса да, жаңа құрылғы арқылы Шиелі ауданының алқаптары бұрынғыдай судан тапшылық көрмейді», — деді аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев.

ДереккөзInform.kz