Оралда БҚО ұстаздарының тамыз мəслихаты өтті

Облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңа оқу жылының алдында ұстаздар қауымына сәттілік тіледі.

— Соңғы жылдары көші-қонға байланысты облыс халқының саны артып келеді. Ендігі кезекте мұғалімдердің саны мен сапасын көтеру керек. Елбасының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде 9 жаңа білім ошағы бой көтеруде. Соның ішінде төрт мектеп «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынуда. Бұл — үлкен қолдау. Мектептерде білім алуға бар мүмкіндік жасалған. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қыры, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір елдің есінде сақталған өз перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс,»- деп атап өткен болатын. Сондықтан, жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды да өз дәрежесінде атқаруымыз қажет, -деді өңір басшысы.

Тамыз кеңесінде облыстық байқаулардың қорытындысымен «Орта білім беретін үздік ұйым» атанған Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №4 орта мектебіне қаржылай сыйақы табысталды. Республикалық «Үздік педагог» байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздары №34 «Балбұлақ» бөбекжайының тәрбиешісі А.Сағидуллина, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі А.Сидарова, Орал ақпараттық технологиялар колледжі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы М.Аққалиевтер анайы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Н.Сабиров, Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Сапаров, Зеленов ауданы Дариян ЖОББҚМ директоры Ш.Өмірзақова, Орал қаласы №23 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Е.Сусорова Ы.Алтынсарин төсбелгісімен, Ақжайық ауданы «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі Г.Қажығалиева, Сырым ауданы Бұлдырты орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қ.Рамазанова, №8 дарынды балаларға арналған мектебінің биология пәні мұғалімі Л.Чернецова, Батыс Қазақстан инженерлік -технологиялық колледжінің директоры С.Әлімбеков «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Тоқтар Ғабдірешұлы