Батыс Қазақстанда балалардың 99,7 пайызы балабақшамен қамтылған

Облыста мемлекеттік бөбекжайлардан бөлек 28 жеке балабақша жұмыс жасауда. Алдағы жылдары 1500 орындық 6 жеке балабақша салынады деп жоспарлануда. Елбасы тапсырмасы – мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту аясында облыста  4 балабақша салу үшін құжаттар дайындалуда. Бұл турасында Бөрлі ауданында өткен республикалық тамыз конференциясы аясындағы мектепке дейінгі білім беру педагогтерінің секциялық отырысында  айтылды.

Жаңа оқу жылы қарсаңындағы атқарылған шаруаларды бағамдайтын басты басқосудың Бөрлі жерінде өтуі тегін емес. Ол балабақша кезегін жою мәселесі толығымен шешілген аудан болып саналады. Шет ел инвистициясы есебінен Ақсайда 320 орындық балабақша салынса, аудан орталығының солтүстік бөлігі мен Кеңтүбек ауылында тағы екі бөбекжайдың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі, ЮНИСЕФ, «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы, «НЗМ» ДББҰ, үкіметтік емес ұйымдар, баспалар, ата-аналар қауымдастығы өкілдері, ЖОО, колледждердің оқытушылары, облыстардың, Астана және Алматы қалалары  білім басқармаларының басшылары, мамандары жиналды. Олар әуелі аудандағы бөбекжайлардың жұмысымен танысты. Секция отырысында балаларды оқытуда инновациялық технологияларды қолданудың маңыздылығын атап өтті,  бөбектердің ойын арқылы дамуына көбірек мән берді. Басқосуда мектепке дейінгі ұйым педагогтарын қағазбастылықтан арылтып, балаға көбірек көңіл бөлу үшін арнайы бағдарламаның іске асатындығы айтылып, педагог мамандардың жалақысын көтеру жөнінде де әңгіме қозғалды.

Тоқтар Ғабдірешұлы