Тоқтар Төлешевтен тәркіленген коттеджде мәдениет үйі ашылады

Бұл туралы «Астана» арнасына қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлаған.

Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Әйгерім Жұмағұлованың берген ақпарына сүйенсек, «сыра королі» атанып кеткен Тоқтар Төлешевтің меншігінде болған сегіз бірдей жер теліміне келешекте көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылатын болады.

«Коттедждердің біреуін әлі оның отбасы босатпады. Оған босату жөнінде сотқа қағаздар өткізілді. Қалған екі коттедж қала әкімдігінің білім бөліміне берілді. Онда мәдениет үйі ашылатын болады. Ал бір коттедж қиратылатын болады»,-деді Әйгерім Жұмағұлова.

Баспасөз хатшысы «Фосфоршылар сарайының» тағдыры да шешілетін күннің де алыс емес екенін алға тартады. Ал, Мәдениет үйіне қатысты сот ісі әлі жүріп жатыр екен.

Бизнесмен Тоқтар Төлешев билікті заңсыз басып алуға әрекет етті деп айыпталған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Руслан Қарасевтің айтуынша, билікті басып алу жоспарын орындау үшін Тоқтар Төлешев алдымен елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға әрекет жасаған. Бұл үшін ол 2005 және 2010 жылы Қырғыз Республикасында болған жағдайды өте мұқият зерттеген. Тіпті Қырғызстанға өзі барып, керекті материалдар мен дерек-дәйектер іздеген.