Жайықта жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиеваның айтуынша, биылдан бастап Тасқала колледжінің жанынан 20 адамға кәсіптік білім беретін арнайы топ ашылған. Оған бөлінген арнайы шәкіртақы да бар. Оқуға келген студент жатақханамен қамтылатын болады. Шәкірттерге 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жол пұлы қоса беріледі. Бұл көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары мен жұмыссыз жүрген жастардың алаңсыз білім алуына өте қолайлы.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылында аудан орталығындағы Қ.Сәтбаев және С.Жақсығұлов атындағы орта мектептерде агросыныптар ашылатын болды. Облыс көлемінде эксперимент ретінде қолға алынған игі жоба келешекте өмірін ауыл шаруашылығы саласымен байланыстырғысы келген оқушылардың білім-білігін жетілдіруді көздеп отыр. Осы орайда аудан әкімдігі, облыстық білім басқармасы және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық мемлекеттік университеті арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.

— Курсты Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасымен келісілген  оқу жоспарына сай  Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық мемлекеттік университетінің оқытушылары жүргізеді. Сабақ саны 34 сағатты құрап, аптасына бір рет 8 сыныптарға өткізіледі. Курсты толық аяқтағандарға облыстағы ауылшаруашылық оқу орындарына түскен кезде жеңілдіктер беріледі.  Сонымен қатар олар жазғы оқу сараманынан жергілікті шаруа қожалықтарында өтуге мүмкіндік алады,- дейді аудандық білім бөлімінің мамандары.

Тоқтар Ғабдірешұлы