Әйгілі топтың ән шашуы 15-20 тамыз күндері ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің конгресс орталығында өтеді. «Музыка күші» атты концерті арқылы топ өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтпек.
«30 жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Өзіміздің «Тоқсаныншы жылдардың А-Студиосы» шоуымыз арқылы бізбен бірге есейген және енді өсіп келе жатқан жас буынға естеліктерімізді паш етеміз»,-деді топ жетекшісі Байғали Серкебаев.
Оның айтуынша, концерт кезінде «астудиолықтар» Батырхан Шөкенов, Бағлан Сәдуақасов, Болат Сыздықовтарды еске алып, өткенге саяхат жасамақ.
«Бұл естеліктердің мәні өте жоғары. Біз Батырхан Шөкенов, Бағлан Сәдуақасов, Болат Сыздықовпен сахнада өткен қызықты сәттерімізді еске аламыз. Бұл біздің шоумыздағы жүрекке жылы сәттердің бірі болады», — деді Байғали Серкебаев.
Байғали Серкебаевтың айтуынша, топ ЭКСПО-2017 көрмесінде өнер көрсетуді өздеріне мақтаныш санайды. Тіпті қазақ тілінде ән шырқап көруге талпынып көрмек. Алайда, топ мүшесі Кети Топурия грузин ұлтының тумасы болғандықтан, қазақ тілінде ән айтуға қиналады екен.
«Бір рет Батырмен қазақша әнге дуэт жазамыз деп студияда екі сағат қиналдым. Мен студияда мұнша ұзақ болып көрмеген шығармын. Кейін ән дайын болған соң, маған жақсы шықты деп айтты. Оның үстіне Қазақ тілінде ән жазғанда тек Қазақстан үшін болып қалуы мүмкін. Бірақ біз оны кең ауқымды етіп алғымыз келеді және музыканың халықты біріктіргенін қалаймыз»,- деді Кети Топурия.
Алайда Байғали Серкебаев топтың бір әнді даярлап жатқанын айтып қалды.
«Біздің қоржынымызда жаңа қазақша ән бар. Бұл туралы әзірге айтқымыз келмеп еді. Дайын болған соң, назарларыңызға ұсынамыз»,- деді ол.
«А-Студио» тобының айтуынша, «Музыка күші» деп аталатын концертте қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарының да күшін сезінуге болады. Себебі, көптеген қазақи әуенді әндер ұлтық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалады.
«Біз өз концерттерімізге жастардың, жас жеткіншектердің көбірек келгенін қалаймыз. Олардың ой-пікірі, талғамы біз үшін қызық. Біздің кешімізге келуге мүмкіндігі жоқ жеткіншектерге және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне концертіміздің 2 мың билеті арнайы бөлініп отыр», — деді топ жетекшісі.
Осылайша Астанадан бастау алған мерейтойлық шоу Алматы, Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында да өткізіледі.
«Бірақ, біздің ең ауқымды шоу-концертіміз ЭКСПО-да өтеді. Себебі, мұндағы техникалық мүмкіндіктер жоғары, бәрі жаңа, бәрі заманауи. Өзге қалаларда мұндай шоуды өз деңгейінде өткізе алмаймыз»,- дейді топ мүшелері.
«Музыка күші» мюзиклі — ЭКСПО-2017 Халықаралық Көрмесінің тақырыбын айқындайтын бірегей туынды. Шоу «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынып, сондай-ақ Қазақстанның бай мәдениетін бейнелеп, әлемге еліміздің ең танымал тобын таныстыра отырып, әртістеріміздің әркелкілігін паш етеді. Кеште бірқатар хит әндерін орындайтын топ жанды дауыспен ән салып, осының барлығы анимацияланған эпизодтар, би және ерекше дыбыстық пен арнайы визуалдық эффектілермен біріктіріледі.