Десанттар «АрХо-2017» халықаралық ойындарында үшінші орын алды

Дода қорытындысы бойынша, Қытай әскері 62 балл жинап, жеңіс тұғырына шықты. Ал екінші орын 50 ұпай жинаған ресейлік десенттардың қанжығасында кетті. Отандастарымыз 42 ұпаймен үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздар кубокпен, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Десант
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Десантшылардың байқауы өтіп жатқан кезде ауа райы қолайсыз болғанын айта кетейік. Соған қарамастан ойынға қатысушылар асқан шыдамдылық таныта білді.

Десант
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қытайдағы десантшылар бәсекесі Армия Халықаралық ойындарының аясында өтті.

“Армия ойындары – 2017” – ТМД мен алыс шетелдің танкішілері, ұшқыштары, артиллерияшылары мен саперлері бақ сынасатын халықаралық сайыс. Әскери қызметкерлер 30-ға жуық кедергілерден өтіп, бақ сынайды. Атап айтар болсақ, «Танк биатлоны», «Суворов тегеуріні», «Мерген шебі», «Әскери барлаудың үздіктері», «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Авиадартс», «Аспан кілті», «Теңіз кубогы», «Теңіз десанты», «Тереңдік», «Десанттық взвод», «Эльбрус шығыршығы», «Ашық су», «Қауіпсіз бағдар», «Инженерлік формула», «Қауіпсіз орта», «Рембат», «Автоброньды танкті техника шеберлері», «Далалық ас үй», «Әскери-медициналық эстафета», «Жол патрулі», «Күзет сақшысы», «Әскери ралли», «Достастық жауынгері», «Қару шебері», «Ұшқышсыз ұшу аппараттары сайысы есептоптарының сайыстары» және тағы да басқа сынақтар бар.

Аталған ойын 1-9 тамыз күндері еліміздегі Отар әскери базасында өтті. Оған 18 елден 400-ге жуық әскери қызметкер келді. Олар «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Мерген шебі» және сайыстың жаңа түрі «Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының сайысы» атты ірі жарыстарда бақ сынады.

"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

«Отар» 40-шы әскери базасының қазақстандық полигонында байқауларды өткізу үшін барлық қажетті инфрақұрылым мен логистика, атап айтқанда, артиллерияшыларға кедергілері бар қашықтығы 2 шақырымды құрайтын тас жолдар, мергендік винтовкадан, тапаншадан оқ ату, мергендердің гранаталарды лақтыруы үшін барлаушының соқпақ жолы мен шептерінің элементтері бар бағдар дайындалып, оңтайландырылды. Ал «Мәтібұлақ» полигонының аумағы «ҰҰА есептоптарының сайысы» байқауын өткізу үшін арнайы жабдықталды.

«Мерген шебі» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы бірінші орынды, Ресей және Қытай екінші орынды және Беларусь командасы үшінші орынды иеленді. Кіші сержант Нұрсұлтан Бақтыораз байқаудың үздік мергені атанса, кіші сержант Мақсат Шыналиев пен қазақстандық аға сержант Ерғанат Құдабеков үздік мерген жұбы атанды.

«Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы бірінші орынды еншілесе, Беларусь Республикасы екінші орынды және Ресей Федерациясы үшінші орынды жеңіп алды. Ресейлік сержант Рустам Чиктаев үздік механик-жүргізуші атанса, Белоруссиядан келген ефрейтор Иван Швая үздік көздеуші, Әзірбайжаннан келген кіші сержант Эльшат Оруджов үздік есептоп командирі атанды. Қазақстандық сержант Мейірхан Әбілдаевтің жетекшілігімен минаатқыш есептобы үздік есептоп болып белгіленді.

«Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының сайысы» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан бірінші, Ресей екінші және Иран үшінші орынға жайғасты. Ирандық майор Джафариан Хамид ҰҰА үздік технигі, ал Ресейдің аға лейтенанты Владимир Заинчковский ҰҰА үздік операторы атанды.