Батыс Қазақстанда «Мектепке жол» республикалық акциясы жүріп жатыр

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында өткен жылы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 1270 балаға 6 млн теңгеден аса материалдық көмек көрсетілген.

Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиеваның айтуынша, биыл «Менің таңдауым-балаларға көмек көрсету» ұранымен өтіп жатқан акцияға аудан халқы белсене атсалысып жатыр. Акцияның алғашқы күнінен бастап ұстаздар үй-үйді аралап, бала еңбегін заңсыз пайдаланып отырған немесе баласын сабаққа жібермей отырған ата-аналарды, сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың ұландарын, ата-анасы жоқ жетім балаларды анықтамақ.

«Көп жағдайда насихат жұмысы жетіспей жатады. Біз биыл ол шаруаны ерте қолға алдық. Адам көп жүретін жерлерге баннерлер ілініп, үнпарақтар таратылуда. Аудандық газетте арнайы мақала жарияланып, мекеме басшыларына хат жолданды. Сонымен қатар, елгезектік танытып, көмек қолдарын созып отырған «Ғалым» ШҚ, «Нұр Медина» ЖК-іне белсенділіктері үшін алғыс айтамыз», -деді А.Шүкірғалиева.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы бойынша жыл сайын 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткізіледі. Бұл қайырымдылық шара әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек көрсетуге бағытталған. «Мектепке жол» акция аясында ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп рейдтік шаралар өткізіліп тұрады. Рейдтік шаралар  көмекке мұқтаж балалары бар отбасыларды анықтауға бағытталған. Өткен жылы 50 мыңнан астам іс-шара өткізілді.

Тоқтар Ғабдірешұлы