Оңтүстік Қазақстан облысының Астанаға күндері 29 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Оңтүстікқазақстандықтар елорда тұрғындары мен қонақтарын таң қалдыру үшін тарихи-өлкетану мұражайындағы сирек экспонаттарды жинап алып бармақ. Оның ішінде қару-жарақтар, кілемдер, табиғи минералды заттар, сирек фотосуреттер, ежелгі кітаптар, тарихи киімдер мен музей қызметкерлері үшін ең құнды деп саналатын бесік бар. 18 ғасырда жасалған бесікте бірде-бір шеге жоқ, яғни таза ағаштан құрастырылған.
«Қазақстанның әр аймағында тұрған адамдардың киімдері бір-біріне мүлде ұқсамайды. Олардың тігісі, пішіні, безендірілуі әрқилы. Біздің музейде өңірімізде тұрған адамдардың 19 ғасырда киген киімдері бар. Сонымен қатар, көрмеде оңтүстікқазақстандық үлгіде құрылған киіз үйлер болады»,-дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ақпараттық қолдау және экскурсия бөлімінің басшысы Бибі Қошанова.
ЭКСПО қонақтары көрмеден Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы Кенесары ханның қылышын тамашалай алады. Бұл қылышты Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи-өлкетану мұражайына ханның немересі Әзімхан 1931 жылы әкеліп табыстаған. Қылыш темірден, сүйектен және теріден жасалған. Ұзындығы — 70 сантиметр, ұстайтын жері — 15 сантиметр, қалыңдығы 3-4 сантиметрді құрайды.
Аталған уақытша көрмеде Қажымұқан Мұңайтпасовтың марапаттары да жұрт назарына ұсынылады. Онда жауырыны жерге тимеген балуанның әлем біріншіліктерінде алған жүлделері, белдескенде киген киімдері, циркте өнер көрсеткенде қолданған екі пұттық гір тастары, 350 килограммдық тас бар.
«Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы облыстық спорт мұражайы — біздің мақтанышымыз. Оны ЭКСПО көрмесіне келген барлық қонақтардың тамашалап, әйгілі балуанымыздың жетістіктерімен танысқанын қалаймыз»,-дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов.
Қазіргі уақытта облыстағы барлық мұражайлардың құнды экспонаттарын Елордаға жеткізу үшін қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Әлем назары ауатын ауқымды шараның көркін қыздыруда оңтүстік өнерпаздары жаңаша бағытта, ешкімді қайталамайтын қазіргі заманға лайықты туындыларымен ерекшеленуі керек. Іс-шара жоспары бекітіліп, кешенді дайындық қажет. Ел абыройын асқақтатар тұста қай салада болмасын аянып қалмауға тиістіміз», — деді облыс басшысы Жансейіт Түймебаев.
Елордада өтетін мәдени шара барысында «Қазыналы Оңтүстік» қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі, концерттік бағдарламалар, оңтүстікте түсірілген анимациялық фильмдер мен көркем фильмдер жұрт назарына ұсынылады. Сондай-ақ Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма және орыс драма, қуыршақ, әзіл-сықақ және сатира театрлары мен Оңтүстік-Цирктің қойылымдары Астана жұртшылығы мен көрме қонақтарының көзқуанышына айналады.