Ақмола облысында ардагерлер арасында шахматтан турнир өтті

Кезінде құмар ойындарға жатқызып аластатылған шахмат ойынының бұл күнде ғалымдар адам миының қалыпты жұмыс істеуіне пайдасы көп екенін дәлелдеген. Бұл ұлы ойынды жер шарының 25% тұрғыны ойнайды екен. Адамның ойлау өрісін кеңейтіп, сабырлы болуға, жылдам да жүйелі  шешім қабылдауға үйретеді. Бұл ойын сайысқа келген ардагерлерді бір серпілтті десе де болады. Қазыналы қарттар өткен күнді еске алысып, жалынды жастық шақтарынан сыр шертісті.

Ұйымдастырушылар, сайысты әуесқойлар және кәсіпқойлар арасында жеке-жеке өткізуді ұйғарыпты. Жылына бірнеше мәрте зейнеткерлердің  басын қосып, уақыттарын тиімді өткізуге мұндай сайыстардың берері мол болса керек.

Айта кету керек, облыс орталығында шахмат пен дойбының жілігін шағып, майын ішетін 70-ке жуық зейінді зейнеткерлер үшін арнайы клуб та жұмыс істейді. Аталмыш клубтың жеткен жетістігін осы бір сайыстан ақ аңғаруға болады. Турнирдің қорытындысына сай Серік Құрманғожин жеңімпаз деп танылды. Ал,сайысқа қатысқан барлық ардагерлерге бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды.