Ақмола облысында ең үздік суретшілер көрмесі өтті

Өңірдің ең үздік деп танылған 6 суретшісі Көкшенің әсем табиғатын суреттейтын, қазақ халқының салт-дәстүрін сипаттайтын туындыларын көпшілік назарына ұсынған. Қазақстанның үшінші жаңғыруға аяқ басқан шағында мұндай көрмелерді өткізу рухани құндылықтардан, қазақ мәдениеті мен мұраларынан хабардар ету нұр үстіне нұр,-дейді ұйымдастырушылар.

Табиғат аясында қойылған суретшілердің үздік жұмыстары майлы бояумен жазылған. Әсіресе, қазақ батырларының тұлғаларын, ауыл өмірін, ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді арқау еткен қылқалам шебері Ибрагим Исековтің шығармашылығынан қазақ ұлтының мінезін, болмысын, өткен тарихы мен мәдениетін жақынырық тануға болады.

Көрме аясында әр суретші ерекше құрметке бөленіп, алғыс хатқа ие болды. Тағы бір атап өтерлігі, суретшілердің бұл көрмесі 1 ай бойы жұртшылық назарына ұсынылмақ. Көрем деушілер ол үшін облыстық әдебиет және өнер мұражайына келіп тамашалай алады.