Ақмола облысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз жұмысын бастады

Атбасар, Бурабай, Целиноград және басқа да өңір аудандарының халқы мемлекет өмір сапасын жақсарту мақсатында азаматтарға ұсынып отырған мүмкіндіктер тұрғысында білікті мамандардан тікелей кеңес ала алады. Сонымен қатар, жұмысшылар құқығын қорғау мен әлеуметтік қолдау саласындағы тәжірибелі сарапшылардың көмегімен қалыптасқан түйткілдерді тарқатуға жол ашылмақ. Министрлік өкілдерінің алдына қойылған талап та сол, кеңес беруден тыс, аймақтағы жұмыспен қамту орталықтарының іс-қимылын жандандырып, әлеуметтік қызметтерді иемденудің тиімділігін көтеру жүктелген.

“Бүгінде біз әлеуметтік көмек көрсетудің күрделі өзгеріс кезеңдерін бастан кешудеміз. Себебі, қазіргі уақыттағы әлеуметтік-еңбек қатынастары үлгісіне өнімді жұмыспен қамтуды ынталандыру, масылдықтан арылу бағыттары арқау болуы тиіс. Жұмыспен қамту мен әлеуметтік қамту міндеттері біртұтас күйге еніп, адамдардың өзіндік әлеуетін іске асыруға жан-жақты жағдай жасағаны жөн. Мәселен Үкімет кедейлік шектен шығып, лайықты тіршілік ету үшін еңбек нарығына қажет мамандықтар мен сан қырлы бизнес қағидаларына оқытуды қамтамасыз етіп, жеке іс ашуға жәрдем танытуда. Сондықтан елімізде тағдырына жауапты қарап, тәуекелге бекінгендерді қолтықтан демейтін қолайлы ахуал орнатылған. Осы орайда шалғайда жатқан елдімекендердегі жандардың біразы мемлекеттің олардың игі бастамаларын демеп жіберуге әзір екенін білмейтіні белгілі. Нәтижесінде еліміздің әр өңірінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің күндерін өткізу жайлы шешім қабылданды”, — деп түсіндіреді министр Тамара Дүйсенова. 

Алғашқы күні Еңбек министрлігінің қызметкерлері Ақмола облысының Есіл ауданында және Көкшетау қаласында болып, әлеуметтік көмек жүйесін жаңғырту, үш кезеңге болжанған зейнетақы жүйесінің артықшылықтары мәнісін байыптайды және жұмысшыларға еңбек заңнамасы мен ондағы олардың құқықтары туралы жеткізеді.