Ақмола облысындағы автожолды жөндеуге 11 млрд теңге қаржы бөлінді

Бұл қаржыға 178 шақырымға жуық тас жолды қалыпқа келтіру жоспарланған. Осылайша өңірдегі 8 аудан мен 7 кенттің бірқатар жолдары жөнге келтірілмек. Әсіресе күні бүгінге дейін туристерді қажытып келген Зеренді ауданындағы Елікті демалыс орнына апаратын жол, Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы Пролетарский көшесі мен Щучинск-Николаевка бағытындағы жолдар да түзелетін болды.

Бұдан бөлек «Аршалы-Ижевское» және «Жаңа Колутон-Ақкөл-Азат-Минское» бағыттарындағы жолдар да күрделі жөндеуден өтеді.

«Сондай-ақ Целиноград ауданында Ақмол ауылының көшелері қалыпқа келтіріліп жатыр. Оған қоса Родина ауылына апаратын жол да жөнделе бастады. Ал Есіл ауданында Бұзылық-Алматылық бағытындағы тас жолға биыл орташа жөндеу жасалады. Бұл жұмыстардың барлығы 5 бірдей мемлекеттік бағдарламаның аясында жүзеге асырылып жатыр,»- Дудар Сағитов, облыстық автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары.