Биыл Ақмола облысында 2 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысаны ашылды

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға көп. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында бүгінде 125 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары әсіресе ауылды жерлерде бизнес кең қанат жая бастапты. Елді мекен тұрғындары түрлі жеңілдетілген несиелер алып, өз кәсібін ашуға бел буған. Өңірде бизнес бастағандардың жартысы қызмет көрсету саласынан нәпақа тауып, жұртты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Бұған әсіресе мемлекеттік бағдарламалардың көмегі көп. Оның үстіне елімізде қазір жеке кәсіпкерлікті құзырлы органдарға тез арада тіркеуге болады.

«Қазір бизнесті тіркеу жұмыстары әлдеқайда жеңілдетілген. Небәрі 1 күннің ішінде жеке кәсіп ашуға болады. Ал бұрын бұған біраз уақыт кететін. Қазір біздегі бизнес бастағандардың көбісі қызмет көрсету саласында болса, қалғандары негізінен ауыл шаруашылығы мен сауда-саттықта өз істерін дөңгелетіп отыр,»- Ербол Оспанов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы.