Астанада «Алтын жебе» халықаралық жамбы ату ойындары өтеді

Елімізде Жамбы атудан тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушылары: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті мен «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы». «Қазанат» атшабарында өтетін аталған жарысқа қатысатын мергендердің аты-жөндері де анық, деп жазады Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі.

Мажар елінен Чемез Фаркас баптаған венгр сұрмергені Намети Кристоф алғаш рет жамбы сайысында бақ сынамақ. Ұлттық садақтарын ұлықтап, садақ атудың халықаралық сайысын ең жиі ұйымдастыратын елдің бірі – Түркия. Бұл елден атағы жер жарған бапкер Левент Талха мен шәкірті Мұрат Бонжук келмекші. Сондай-ақ, Малайзиядан Ахма Дакалан, Польшадан Радослав Козуч, Румыниядан Mihai Cozmei, Финляндиядан Anna Kataviina Aibvecht, Катардан Walid Khawajkyc, Германиядан Giulia Josefine Salts, сынды көздегенін мүлт жібермес қолмерген садақшылар Елордаға ат басын тірейді.  Сонымен қатар, іргедегі көршілеріміз Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай елдерінің мергендері де Жамбы атудан тұңғыш өтетін халықаралық жарыстан тыс қалмақшы емес.

Алтын жебе

Қазақстаннан «Алтын жебеде» бес спортшы бақ сынайды. Олар: Қазақстанның «Жамбы ату» ересектер құрама командасының капитаны, Жамбы атудан Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, халықаралық мергендер сайысына қатысушы, 2016 жылғы «Ұлы дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы, «Алтын тұғыр» иегері атанған Елдос Бадашев және елішілік чемпионатта топ жарып жүрген саңлақтарымыз Сарыбай Айтбек, Айкөз Ералхан, Тулыбеков Абзал, Үзденбаев Бекқали ел намысын қорғайды.

«Бұл ғасырлар бойы ұмыт болған дәстүріміз. Қазір ұлттық спорт түрлері қауымдастығының арқасында алғаш рет халықаралық деңгейде турнир өткізгелі жатырмыз. Республикалық деңгейде жарыстар өткізу жоспарда бар», — деді ҚР спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов орталық коммуникациялар қызметі брифингінде.

Қазақ елінде тұңғыш ұйымдастырылған «Алтын жебе» турнирінің жүлде қоры да қомақты. Бес орынға дейін бәйге бар. Бас жүлде – 5 мың доллар. Екінші орын – 3 мың доллар. Үшінші – 2 мың доллар. Төртінші орын –  1 мың доллар. Бесінші орын – 500 доллар.