Қосшыдағы инновациялық жобаға Германия делегациясы жоғары баға берді

Таяуда Германия экономика жəне энергетика министрлiгiнiң мемлекеттiк хатшысы Уве Бекмайер жетекшiлiк еткен делегация ресми сапармен Астанада болды. Сапар барысында министрлiктiң тапсырмасына орай «Сапа су» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң зауытында болып, мұндағы тыныс-тiршiлiкпен танысты. Меймандарға өндiрiстiң шешушi кезеңiндегi осы заманғы немiс құрал-жабдықтарының арқасында өндiрiлетiн темiр-бетон өнiмдерiн көрсеттi. Оларды əсiресе, «Iскерлiк байланыс» жобасы жəне басқарушы кадрларды дайындау бағдарламасының шеңберiнде оқытылып үйретiлген қазақстандық үйренушiлердiң қандай нəтижеге қол жеткiзгендiктерi қызықтырды.

Кəсiпорынның коммерциялық директоры Таир Муралиев бүгiнгi күнi зауыт өнiмiнiң Астанада ғана емес, елiмiздiң өзге өңiрлерiнде де үлкен сұранысқа ие екендiгiн айтып бердi. Зауыттың өндiрiс қуатын арттыруға əлi де мол мүмкiндiгi бар.

«Бұл Қазақстан мен немiс кəсiпорындарының арасындағы əрiптестiктiң жақсы мысалы. Бұл жердешын мəнiнде сапалы өнiм өндiрiлуде,»–деп атап өттi Уве Бекмайер.

Аталмыш шараға Ақмола облыстық кəсiпкерлiк жəне өнеркəсiп басқармасының басшысы Ербол Оспанов та қатысты. Ол зауыттың республикалық индустриалды-инновациялық даму мемлекеттiк бағдарламасы шеңберiнде ашылып отырғандығын, бiздiң өңiр үшiн маңызды əрi мəндi жоба екендiгiн, Қазақстан-Герман əрiптестiгiнiң жарқын мысалы болып отырғандығын айтып өттi.