Б.Сағынтаев Ақмола облысының туристік әлеуетін дамытуға назар аударды

Үкімет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Щучинск қаласындағы жаңа республикалық шаңғы спорты базасының құрылысына барып, Бурабай ауылының шипажайлық-курорттық нысандарының, көрікті жерлерінің және туристік инфрақұрылымының жағдайымен танысты. Сондай-ақ «Щучинск — Бурабай» автожолының бір учаскесіндегі жөндеу жұмыстарының нәтижесін бағалады.

Бақытжан Сағынтаев шаңғы спорты базасын аралау барысында құрылыс ғимараттарымен танысып, нысандағы қазіргі жағдай мен жұмыстарды аяқтаудың жоспардағы мерзімдері туралы баяндаманы тыңдады. Нысанның ғимараттары мен құрылыс кешені 140,5 га аумақта орналасқан. Бүгінгі таңда оның әзірлік деңгейі — 90%-дан жоғары. Жаңа республикалық шаңғы спорты базасында шаңғы жарыстары, биатлон, шаңғы-роллер спорты бойынша жаттығулар мен халықаралық жарыстар өткізу жоспарланған.

Осыдан кейін ҚР Премьер-Министрі «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің шипажайлық-курорттық нысандарымен және көрікті жерлерімен танысты.

Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаев 2017 жылғы сәуір-шілде аралығында жүргізілген «Щучинск — Бурабай» автокөлік жолының 16-18 шақырым учаскесіндегі жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жүргізілген реконструкциялау жұмыстары туралы және жалпы өңір жолдарын жөндеу бойынша алдағы жоспарлар туралы есеппен таныстырды.

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына сәйкес туристік әлеуетті дамыту елімізде экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру кезінде маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осыған орай Үкімет аталған салада кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.

Айта кеткен жөн, ЩБКА дамытудың негізгі базалық құжаты — халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленген Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2020 жылға дейінгі жүйелік жоспары. Жоспар инвестициялауға қолайлы 5 негізгі аймақты дамытуды қарастырады. Олардың қатарында Шабақты көліндегі жаппай демалыс аймағы, Шортанды көліндегі премиум санаттағы туризм аймағы, Қатаркөл көліндегі балаларды сауықтыру туризмі мен ат спорты орталығы, Сарыбұлақ а. эко ауыл, сондай-ақ Жөкей көліндегі кемпинг.