Жолақының қымбаттауы байланысты «Оңай» қолданушылары 28 пайызға артты

Осыған орай, Алматы қалалық Жолаушылар тасымалы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов мәлімдеме жасады.

Мақсұт Исаховтыі айтуынша, бүгін түске дейін «Оңай» транзакциялары екі есеге өскен.

«Бүгін таңнан түскі 14:00-ге дейін «Оңай» орталығына 23 млн теңге ақша түсті. Осыдан бір апта бұрын сараланған тариф енгізілмей тұрғанда 26 млн теңге жиналған еді. Жаңа жүйенің арқасында «Оңай» қызметін пайдаланған жолаушылардың саны 28 пайызға өсті. Кешке дейін екі есе көп ақша жинаймыз деген ойымыз бар», — деді ол.

Жаңа тарифтің енгізілуі қала бюджеті үшін де, жолаушылар үшін де пайдалы дейді басқарма басшысы.

«Сараланған тарифті енгізудегі басты мақсат — тасымалдаушыларға да, жолаушыларға да төлемнің оңай жүйесін ұсыну.  Дисконт жүйесі әртүрлі жеңілдіктер беруді көздейді. Мысалы, алғашқы 60 немесе 90 минутта басқа көлікке отырғанға ақша алынбайды», — деді ол.

Әзірге автобуста ақша төлемеген жолаушылар рейд барысында ұсталып, кейін жолақысын төлесе, әкімшілік жазадан босатылады.

«Толығымен қоғамдық көліктегі төлем жүйесін өзгертудің барлық саласын жүзеге асыруға бірнеше ай уақыт кетеді. Сондықтан, келер жылдың басында аталған реформалар түгел жүзеге асырылатын болады», — деді М.Исахов.

ДереккөзInform.kz