Күнге күю

Күйік неден пайда болады?

Күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен адамның терісі күйіп қалады. Соның әсерінен, тері қызарып, сезімталдығы артып, ауырады. Күнге күюдің әсерінен адамның басы айналып, естен танып қалуы да мүмкін.

Бірнеше күннен кейін күйген тері қабаты қабыршықтанып түсіп қалады. Мұны халық арасында терінің түлеуі деп те атайды.

Дене терісі ақ адамдар күнге жылдам күйеді. Секпілі бар адамдар да күннің ультракүлгін сәулелерін өзіне тартады.

Егер жазда күн көзіне күйсең, қыста аурулар аулақ болады деп сендіреді халық даналығы. Алайда, аса ауыр күйіктен адамның терісі ашып, ауырып, ұйықтай алмауы да мүмкін.

Күн көзінен қалай сақтануға болады?

  • Сыртта ауа температурасы тым жоғары екенін байқаған жағдайда сыртқа шықпаңыз;
  • Жағажайда күн сәулесі тікелей түсетін жерлерге отырмаңыз;
  • Барынша күн сәулесінен аулақ жүруге тырысыңыз;
  • Денені күн сәулесінен қорғайтын кремдер қолданыңыз.
  • Теріңіздің қызарғанын байқаған бойда күн көзінен бой тасалаңыз.
  • Күн ыстық кезде жабық ғимаратқа кірген абзал.

Күнге күю

Күйікті қалай емдеуге болады?

  • Көбірек су ішіңіз, себебі су теріні жылдам қалпына келтіруге көмектеседі.
  • Күйген теріні салқын су астында ұстаңыз немесе шүберекті салқын суға малып алып, теріге басып, салқын компресс жасаңыз.
  • Егер күйікті ауырсынатын болсаңыз, парацетамол немесе ибупрофен ішіңіз.
  • Теріңіз қайта қалпына келгенге дейін жабық әрі кең киім киіп жүріңіз.
  • Күйген теріге алоэ шырынын жағыңыз.
  • Күннен күйген жеріңізді сабынмен немесе скрабпен жумаңыз. Себебі, мұндай қатты жуыну құралдар терінің күлдіреп тұрған беткі қабатына зиян келтіріп, микробтар денеңізге кіріп кетуі мүмкін.
  • Күн көзіне қарсы крем мен жақпа майларды күйіп қалған теріге қолдануға болмайды. Бұл дәрілік заттар теріні күн сәулесінен қорғау үшін таптырмас құрал болғанымен, күйген терінің жылдам жазылуына зияны болмаса, пайдасы жоқ.
  • Егер науқастың ыстығы көтеріліп, жүрегі айнып, басы ауырса дәрігерге қаралған жөн. Себебі, жай ғана күйіктің де зардабы мол болмақ.
Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!